Руханият • 06 Желтоқсан, 2019

Маңғыстауда Ассамблея «Жігіт сұлтаны» байқауын өткізді

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтауда «Достық» үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жігіт сұлтаны - 2019» байқауы өтті. Бұл туралы Ассамблея хатшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстауда Ассамблея «Жігіт сұлтаны» байқауын өткізді

Қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын насихаттау, этнос жастарын қазақ елін, жерін құрметтеуге, отаншылдыққа, батырлыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу мақсатындағы байқауға этнос жастары қатысты.

Байқауға өнерлі, бойында ақындық қасиеттері бар талантты 8 жігіт қатысты. Олардың бірі қазақ ханы Абылай ханның батырлығын бейнелесе, бірі ұлы ақын Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа мәнерлеп оқыды. Байқау барынша тартымды да, тартысты өтті.

Мұндай шараларды этнос жастары арасында көптеп өткізудің тәрбиелік мәні зор. Байқау жастарды жігерлілік пен ұстамдылыққа, тапқырлық пен ақылдылыққа, ізгілік пен парасаттылыққа тәрбиелейді.

Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынды қарақалпақ ұлтының ұлы Арзиев Бекболат, ІІ орынды әзірбайжан оғыланы Алыев Рауль, І орынды татар ұлтының өкілі Ержан Альмир иеленді. Жеңімпазларға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Іс-шара ары қарай өңірлік Ассамблея шығармашылық топтарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.