Руханият • 06 Желтоқсан, 2019

Қазақтың музыкалық археологиясының даму жолдары талқыланды

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың музыка аспаптары  ұрпақтан-ұрпаққа бойы мирас болып жеткен, көнеден келе жатқан мәдени мұрасы. Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын  жүзеге асыру мақсатында  «Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ұлттың музыка мұрасының бүгіні мен келешегі талқыланды.

Қазақтың музыкалық археологиясының даму жолдары талқыланды

Іс-шара барысында мамандар сонымен бірге дүние жүзі  елдеріндегі музыкалық археологияның зерттелу мәселелері, еліміздегі музейлер қорындағы археологиялық музыкалық аспаптардың сақталу деңгейі және оларды қайта қалпына келтірудің әдістерін жүйелеу тақырыбын ортаға салды. 

«Қазіргі таңда музыкалық археологияны өз елімізде кенже қалған ғылым саласы деуден еш қателеспейміз деген сала мамандары Қазақстандағы музыкалық археологияның негізгі проблемалары және дамыту мәселелерін талқылады.  Музыкалық археология  қазба жұмыстарынан табылған музыкалық аспаптарды зерттейтін музыкатану ғылымының бір саласы дейтін болсақ, соңғы жылдары елімізде және көрші мемлекеттерде археологиялық қазба жұмыстар барысынан табылып жатқан музыкалық аспаптар осыған дәлел бола алады» дейді Ықылас атындағы халық аспаптар музейінің ғылыми қызметкері Абзал Сүлейменов.

Конференцияға еліміздің музейлері мен ғылыми-зерттеу орталықтарынан келген археолог және этнолог мамандар, ғылыми қызметкерлер және шет елден келген ғалымдар қатысты.

«Қазақстанның музыкалық археологиясы тереңірек зерттеуді талап етеді. Бұл ғылым арқылы болашақта көптеген жаңалықтар мен сенсациялар ашылатыны сөзсіз. Сондықтан музыкалық археологияның қазіргі таңнан бастап дамуы біздің тарихымыз бен мәдениетініміздің дамуына зор үлес қосатыны анық» деген келелі мәселені қозғай отырып, мамандар көне музыкалық аспаптарға кешенді зерттеу жүргізу, музей қорына археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған көне музыкалық аспаптарды жинау, шеберлерге көне музыкалық аспаптардың көшірмесін жасату, музыкалық археология ғылымын қосымша ғылымдармен интеграциялауға байланысты қарар қабылданды.

Конференцияның соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

АЛМАТЫ