Руханият • 07 Желтоқсан, 2019

Алматы әкімі зияткерлік және шығармашылық олимпиадалардың жүлдегерлерін құттықтады

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жылы 352 алматылық оқушы 28 зияткерлік және шығармашылық байқаулардың жүлдегері атанды.

Алматы әкімі зияткерлік және шығармашылық олимпиадалардың жүлдегерлерін құттықтады

Олар халықаралық және республикалық сайыстарда 90 алтын, 124 күміс, 138 қола медальдарды иеленді. Айта кетерлігі, біздің оқушылар 11 сынып оқушылары арасындағы Президенттік олимпиадада, жалпы пәндердің республикалық олимпиадасында және ғылыми жобалар бойынша өткен байқауда командалық бірінші орынды жеңіп алды.

Жақында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары – қала мектептері мен колледждердің оқушыларын құттықтады, деп хабарлады қала әкімдігінің Баспасөз қызметі.

«Бұл сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесі, дарынды ашып, оны дұрыс бағытқа бұра білген ата-аналар мен педагогтардың қолдауы», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Ол өзінің сөзінде әзірленіп, қазіргі кезде қоғамдық талқылауға ұсынылған «Алматы-2050» стратегиясында болашақтың қаласын дамытуда зияткерлікке ерекше мән берілетінін айтты.

«Біз ІТ парк құрамыз, креативті индустрия жобалары басымдық алатындай етіп қала экономикасын қайта жасаймыз. Демек, сендер қазір алып жатқан және кейін колледждер мен жоғары оқу орындарында жалғастыратын білімдеріңді осыларға жұмсайтын боласыңдар», - деді қала әкімі Б. Сағынтаев.

 

Кездесу барысында оқушылар бірқатар ұсыныстар айтты. Оның бірі «Алтын дарын» ерекше төсбелгісін белгілеуге қатысты болды. Алматы әкімі бұл бастаманы қолдады және марапаттың дизайнын балалардың өздері жасауын ұсынды. Ол оқу жылының аяғында тапсырылатын болады.

Ағымдағы жылы жаратылыстану-математика пәндері бойынша өткен Президенттік олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 174, оның ішінде Алматыдан 19 оқушы қатысты. Олардың арасында 13 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Командалық есепте алматылықтар қатарынан жетінші рет үздік атанды.

«Өзін-өзі тану» пәні бойынша өткен республикалық олимпиадаға қатысқан 76 оқушының үшеуі алматылықтар. Балалар республика бойынша бірінші орынды иеленді. WorldSkills Kazakhstan 2019 Ұлттық чемпионатының қорытындысы бойынша 30 конкурсанттардың ішінде Алматыдан қатысқан сегіз оқушы жүлделі орындарды жеңіп алды.

 

АЛМАТЫ