Руханият • 07 Желтоқсан, 2019

Алматылық дизайнердің Стокгольмде көрмесі ашылды

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Стокгольм қаласының қақ ортасындағы Раффтың галереясында Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығының ұйымдастырумен Қазақстанның танымал суретшісі, дизайнер Балнұр Асанованың «Көшпенділерде қонақта: дала бояулары» атты көрмесі жүріп жатыр.

Алматылық дизайнердің Стокгольмде көрмесі ашылды

Көрменің жоғары деңгейде өтуіне Швециядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі де қолдау білдіріп отыр.

Дизайнер ретінде әбден кемеліне келген Асанова осыдан бірнеше жыл бұрын Мәскеу мэриясы, Жоғары мода мен прет-а-порте Қауымдастығы қолдауымен өткен «Volvo Fashion Week» сән апталығында әлемнің ең танымал деген дизайнерлерімен иық тірестіріп, жүлделі орындардан көрінген болатын.

Қазақ дизайнерінің қолтаңбасын білетіндер Балнұрдың әртүрлі стильге ұрынбайтынын біледі. Мода әлемін таңқалдырамын деп ерсі экспериментерге барып жатқанын да көрмейсің. Ұлттық бояуынан ешбір ажырамаған Балнұрдың  жұмыстарына қазір шетелде де сұраныс бар. Мәселен, көпшілігіміз Асанованың әйгілі американдық Must Industries компаниясының дистанциялық дизайнері екенін және Victoria secrets, White and Black және Chico’s сауда маркаларына жұмыс істегенін біле бермейміз.

 Қазақстандық fashion-индустрияның бастауында тұрған Балнұр еліміздің мемлекеттік байрағының эталоны мен ҚР Тұңғыш Президенті штандартын дайындағанын ұдайы мақтан тұтады.

Сондай-ақ, Балнұр Асанова «Алматы» университетінің халықаралық ынтымақтастық және шығармашылық жөніндегі проректоры, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері және Халықаралық Еуразиялық жүлденің «Дизайн» номинациясы бойынша алтын лауреаты.

Майлы бояумен жұмыс істейтін және дизайнерлікті қоса алып жүрген суретші Балнұр Асанова Мәскеу, Дубай, Вашингтонда жыл сайын өтетін Сән апталықтарының тұрақты қатысушысы әрі мәртебелі қонағы.

Мәскеуде тұрақты өтететін «Жоғары мода» халықаралық байқауында  «Ұлттық костюм» жүлдесін талай рет жеңіп алған жерлесіміз бұл күндері қайталанбас қазақы нақыштарға толы ұлттық киім үлгілерімен Стокгольм сәнқойлары мен тұрғындарының шынайы қошеметіне бөленіп отыр.

Ал көрмеде суретшінің сән үлгілерімен қоса, картиналары, гобелендері мен кестеленген ғаламат ұлттық киімдері де қойылды.

Биыл 75 жылдығын атап өтетін «Сымбат» сән академиясы  осы уақытқа дейін осы заманның сәнімен үйлестірілген, көздің жауын алатын қазақша өрнектер кестеленген 100 мыңдаған киім үлгілерін тіккен.

 

 

АЛМАТЫ