Руханият • 08 Желтоқсан, 2019

Көрнекті геолог Дүбек Дүйсенбековке мемориалдық тақта ашылды

554 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімдігінің және «Алтыналмас АК» АҚ компаниясының қолдауымен көрнекті геолог, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүбек Дүйсенбековке  мемориалдық тақта орнатылды.

Көрнекті геолог Дүбек Дүйсенбековке мемориалдық тақта ашылды

Жүздеген алтын кен орындарын ашып Бетбақдаланы алтын далаға айналдырған, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Д.Дүйсенбеков Алматы облысының Қаратал ауданында туған.

Қазақ тау-кен институтын (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) бітірген. Жезқазған кен байыту комбинатында, Текелі геологиялық барлау жүйесінде геолог, аға геолог болып еңбек етіп,  1966-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан алтын кенін барлау экспедициясында жұмыс істеген. 1968 жылы Бетпақдалада жүргізген геологиялық іздеу жұмыстарының нәтижесінде Ақбақай алтын кенін ашқаны ғылыми ортаға мәлім. 1971-1978 жылдары осы кен орнында алдын ала барлау, жете барлау жұмыстарын жүргізумен қатар Миронов висмут, Карьерный, Бескемпір, Ақсақал алтын кендерінің де ашылуы танымал еголог есімімен тікелей байланысты.

Ақбақай кенді ауданының геологиясы, минералогиясы, петрографиясы туралы зерттеулері бүгінде қазақ ғылымында жоғары бағаға ие.

Екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдермен марапатталған геологқа арналған ескерткіш тақтаның ашылуына еліміздің геология саласының, Алматы қаласы әкімдігінің, «Алтыналмас АК» АҚ компаниясының өкілдері, сондай-ақ Д. Дүйсенбековтің серіктестері, ізбасарлары мен жақындары және де ұлы тұлғаның жұбайы Қантай апа да қатысты. Мемориалдық тақтаның ашылу сәтінде естеліктер айтылып, қатысушылар Дүбек Дүйсенбековтың қарапайым да, өнегелі де ерлік жолын тебірене еске алды.

 

 

АЛМАТЫ