25 Шілде, 2013

Ауылдағы Құран музейі

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елдің де, жердің де қай шалғайы болсын, жаз айлары қайнаған жұмыстың уақыты. Шілде шіліңгірленіп тұрғанымен, артынша таразы туып таң суыйды, сүмбіле туып су суыйды. Одан соң бір күн мейіз, бір күн киіз болып, қазан айы туады, күрең күз, қара күз – бәрі де өкпек желі бет қаратпайтын қарашаға тән. Сонда ар жағында қылышын сүйретіп қыс келмегенде несі қалды?..

Шаруа адамы осының барлығын ойлағанда, шілденің ыстығында терлеп отырып, арқасы мұздайды. Ұзынкөл ауданы орталығындағы мешіттің имамы Есенгелді қажы Ажмахан жаз шығысымен қыстық отын мен көмірдің қамына кіріседі. Обалы не керек, мешітке керек десе, ешкім де мұның қолын әрі итермейді. Дегенмен, жыл сайын қол жая берген кімді де болса мезі қылады. Сондықтан, имандылық үйіне жамағаттан жиналған, мешітке қолұшын созып тұратын кәсіпкер жігіттердің көмегінен түскен қаражаттың шетін шығармай, бірді бірге жалғап, алдымен отынды жинатып, бұтатып, мешіттің сарайына кіргізіп алады. Одан көмірді тасып, күн суығанда тап-тұйнақтай болып отырады. Мешіттің іші жылымаса, таза болмаса, көркемдігі келіспесе, оған келушілердің көңілі ортая­ды. Есенгелдіні ойлантатыны осы жағы.

– Арқаның қысы ұзақ. Отын-суымызды дайындап, қыста ешкімге қол жаймай, келген жандарды жылы мешітте қарсы аламыз. Ел болған соң, жыл он екі ай ішінде өлім-жітім де, той-томалақ та болып тұрады. О дүниелік болған жандарды осы мешіттен арулап, аттандырамыз. Жастардың некесін қиямыз. Мешіт жанында жастарға, тілек білдірген баршаға діни сабақ береміз, уағыз айтамыз, – дейді Есенгелді қажы.

Мұндай жұмыстар тек Ұзынкөлде емес, барлық мешіттерде де жүреді. Бір қарағанда, айырып айтар ештеңе жоқ секілді. Дегенмен, Ұзынкөл ауданында жасалатын діни жоралғылар жөнінде сүйсінген әңгімелерді жиі естуге болады. Жасыратыны жоқ, «ас көп болса –қаде көп» дегендей, жер-жердегі жаназада ысырап көп. Кісісі өліп, қаралы болған үйдің қайғы жұтқаны аздай, «жұрттан қалмау үшін» қарызға да белшесінен батады. Жаназада жайған дастарқан табақ-табақ еттен, түрлі тағам түрлерінен, жемістен көрінбейді. Табаққа мүшелеп түрлеген еттің ысырабы да мол. Қаралы жиынға жиналған жұртқа Қытайдың арзанқол маталарын дар-дар айырып, жыртып тарататыны тағы бар. Есенгелді қажы имам болып жұмыс істеген жиырма жылдан астам уақыт жүргізген жұмысының нәтижесінде, соңғы жылдары Ұзынкөл ауданы өңіріндегі ауылдардың барлығында осындай ысырапқа жол беру тоқтағандай. Тағдырдың жазуымен о дүниелік болған кісіні арулап, жаназасы оқылып, шығарылғаннан кейін, мешіт жанындағы арнайы асханада ас беріліп, ағайын дұғаға қол жаяды. Жаназаның асы той емес. Оның жұпынылығы ешкімге ерсі көрінбеуі тиіс. Ақылға салғанда да біреу адамынан айырылып, оны жер қойнына тапсырып, аһ ұрып отырғанда өзгелерге қалай ас батады?

– Дастарқанға алдымен ас атасы – нан қойылады, ұлттық тамағымыз ет тартылады, селдіретіп бауырсақ, конфет шашылады, қант, мейіз-өрік қана қойылады. Түрлеп салаттар, сусындар, өзге де тәттілер, жемістер қоймауға жамағатпен келіскенбіз. Етті де мүшелеп қойғызбай, барлық табаққа бірдей етіп, турап тартады. Жаназаға жиналған жұртты «құдандалығы бар еді, қызмет істеген еді, елге сыйлы еді» деп алалап, табақты мүшелеп тарту адамгершілікке жатпайды. Қаралы жандардың қайғысын бөлісуге, о дүниелік болған кісіні ақтық сапарға шығарып салуға келіп, дұғаға қол жайып отырған адамның барлығын бірдей көруге тиіспіз. Мен жамағатқа осылай түсіндіремін. Ал ХХІ ғасырда бір жапырақтан мата жыртып үлестірудің қандай мағынасы бар? Ауылдағы ағайын қазір түсініп, мұны да қойды, – дейді имам.

Есенгелді әскер қатарында жүргенде Мәскеуде, Қызыл алаңда болғаны бар. Сонда шіркеудің қоңырауы қағылды. Мына көріністі қызықтап тұрған жас жігітке «бізде неге мешіттер жоқ, оларда азан неге шақырылмайды?» деген ой қылаң берді. Бірақ ол кезде балаң жігіттің бұл ойы іште тұншығып қалған, оны айтқанмен ешкім түсінбес еді. 1986 жылы қызыл құрсауға қарсылық көрсеткен жастар қанға боялған Желтоқсан оқиғасынан кейін атынкүрек жел соқты. Есіктен қарап қалған тілімізге, аяқасты болған дінімізге деген бір аяулы көзқарас қайта оянды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Есенгелді өскен ортада ұлттық дәстүрдің, мінездің, ақ дінімізді ақиқат деп білудің бояуы көнере қоймаған еді. Алматыда ашылған Ислам институтына түсті де, оны бітірген соң 1992 жылы білім ордасындағылардың жолдауымен Қостанай облысындағы Ұзынкөл ауданына