EurAsia Daily ақпараттық агенттігі Қазақстан Президенті мен ГФР Канцлері Ангела Меркельдің кездескенін хабарлап, олардың экономикалық серіктестік мәселелерін талқылағанын жеткізді. Агенттік әлемдегі ең үлкен үкімет штабтарының бірі саналатын Федералдық канцлер ведомствосының ғимараты алдында Бундесвердің бас оркестрі Қазақстан мен Германияның Әнұрандарын орындағаны, артынша сап түзеген құрметті қарауыл ротасы алдында Федералды Канцлер және Қазақстан Президентінің жүріп өткені, екі елдің делегациясының танысу жайын баяндайды. «Шамамен бір жарым сағатқа созылған келіссөз барысында екі ел арасындағы серіктестік, әсіресе экономикалық қатынас сөз болды», делінген халықаралық агенттік хабарында.
Испаниялық Spain news ақпараттық агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде Еуропа одағы бойынша алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтып, Мемлекет басшысының «Қазақстан үшін осы елмен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор» деген сөзін жариялады. Оған қоса Германия Қазақстанға тікелей инвестиция салушы елдердің тізімінде 12-орында екенін хабарлай келе, Қазақстан Президентінің алдағы уақытта Қазақстанның әртүрлі саладағы 700-ден астам жобаны жекешелендіретіні туралы мәлімдемесі мен бұл жаңалықтың өз кезегінде германиялық инвесторлар мен компанияларға жақсы мүмкіндік болатынын жазады. Сонымен бірге Қазақстанның Германия инвесторлары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынып отырғанын да хабарлайды. Агенттік хабарламасында Германияға экспортталатын тауар көлемінің соңғы 8 айда 21,4%, яғни 2,258 млрд еуроға төмендегені де назарға алынған.
Interfax халықаралық агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркельдің журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында Қазақстанның дуальді білім беру жүйесінде неміс тәжірибесін қолданатыны туралы айтылғанын хабарлайды. Осылайша, агенттік екі елдің алдағы уақытта білім беру саласында ынтымақтастықты жалғастыратынын жазады.
Вестник Кавказа ақпараттық-сараптамалық агенттігі Қазақстан Президентінің сапар барысында Deutsche Welle арнасына сұхбат бергенін, онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктесі, Германияның Орталық Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 86 пайызы Қазақстанға тиесілі екенін айтқанын хабарлайды. Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен, Германияның экс-канцлері Герхард Шредермен және германиялық жетекші бизнес өкілдерімен кездескенін, алғашқы күні Германияның іскер топтарымен бірлескен кешкі ас ішкенін хабарлайды.
Eurasia Diary агенттігі Қ.Тоқаевтың ресми сапары Қазақстан мен Германия серіктестігін нығайта түседі деген тұжырым жасайды. «Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель кездесу барысында Қазақстанмен берік ынтымақтастықтың орнағанын, бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты», деп жазады басылым.
Belt and Road News Network халықаралық медиа агенттігі Қазақстан Президенті мен Германияның бұрынғы Федералдық Президенті Хорст Кёлермен кездесуінен ақпарат таратты. Агенттіктің жазуынша, кездесу барысында тараптар келер жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымы министрлерінің конференциясына дайындық барысын, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясындағы ықпалдастық шараларын, сондай-ақ әлемдегі саяси ахуалды талқылаған.
The Latin American Herald Tribune журналы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары нәтижелі өткенін хабарлап, бірқатар келіссөз жүргізілгенін жазады. «Осы жылдың тоғыз айында қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд долларды құрады. 2005 жылдан бастап осы жылдың екінші тоқсанына дейін Германиядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 5,2 млрд долларды құрады. Германияның Қазақстан экономикасына инвестицияларының 90 пайыздан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі» дей келе, бұл сапардан кейін серіктестік пен инвестицияның көлемі арта түсетініне болжам жасайды.