Парламент • 06 Желтоқсан, 2019

Мәслихаттар міндеті жоғарылай түседі

572 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына арналған республи­ка­лық конференция өтті. Жиын ба­рысында халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалатын қадамдар талқыланып, мәслихаттар жұмысын одан әрі жетілдіру мәселесі сөз болды.

Мәслихаттар міндеті жоғарылай түседі

Жиынға Парламенттің, аймақтық мәсли­хаттардың депутаттары, Президент Әкім­шілігінің өкілдері және Үкімет мүшелері қатысты.

Конференцияны Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева ашып, жергілікті өзін өзі басқару органдарын дамытуға арналған мемлекеттік шешім қабылдау мен олардың іске асуына бақылауды күшейту үшін ха­лықты жұмылдыруға шақырды.

«Бүгінгі конференция – атқарылған жұ­мыстардың қорытындысын шығаруға, мәс­лихат қызметінің перспективалары мен проб­лемалары туралы айтуға жақсы себеп. Бізге жұмысымыз туралы, халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалатын оң қадамдар туралы байсалды, іскерлік әңгіме қажет. Бұл – уақыт талабы», деді Сенат Спикері.

Д.Назарбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұ­ғыр­намасында «Азаматтардың ше­шім­дер қабылдау процесіне қатысу және олардың іске асырылуын бақылау тетік­терін көздейтін жергілікті өзін өзі басқару ор­ган­дарын одан әрі дамытуды қолдау» қа­жет­тігін атап өткенін еске салды.

Сондай-ақ қазіргі кезде аймақтарды дамыту басымдықтарын айқындауға қатысу мәслихаттардың жұмысындағы негізгі басымдық екенін жеткізді. Бұл үшін бірінші кезекте елді мекендердің тізбесін қалыптастырудың және Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын талқылаудың маңызын айтып берді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттерді қалыптастыру және олардың орындалуын бақылау да маңызға ие.

Осы ретте Үкімет 2025 жылға дейін өңір­лер­ді дамытудың мемлекеттік бағдарла­ма­сын әзірлеп жатқанын және оған мәсли­хат депутаттары мен жергілікті өзін өзі бас­қару органдары араласуы қажеттігін баса айтты.

«Таяуда, Сенатта біз су мен су үнемдеу, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және қайта өңдеу мәселелері туралы айттық. Қоршаған ортаның ластануы, су сапасының нашарлығы адамдардың денсау­лығына кері әсер етіп, өмірін қысқартады. Экологиямызды, туған жерімізді сауықтыру бойынша жедел нақты шаралар қажет. Әйтпесе жеріміз үлкен қоқыс алаңына айналады», деді Д.Назарбаева.

Бұдан кейін табиғатты қорғау үшін жер­гілікті бюджетке түскен қаражатты мәс­лихат бақылауы қажет екенін баса айтты.

«Бюджет – қаладағы, ауылдағы, елді мекен­дегі тұрғындардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етудің басты тетігі. Мәс­ли­хат депутаттары әкімдіктермен бірге өз өңірінің, елді мекенінің бюджет қаражатын тиімді бөлуде бірдей жауапкершілікке ие», деді Сенат Төрағасы.

Д.Назарбаева 2020 жылы республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге 2 триллион теңгеден астам сомаға субвенция беру жоспарланып отырғанын айтты. Сон­дай-ақ мәслихаттар қажетті кадрлармен, ұйымдас­тырушылық және қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілуі тиіс екенін ескертті.

Бұдан бөлек Сенат Төрағасы жергілікті өзін өзі басқару жергілікті проблемаларды шешуге қоғамды белсенді тартудың маңызын әңгімелеп берді. Осы орайда қоғамдық пайда әкелуге дайын және оны қалайтын бастамашыл азаматтардың саны артып келе жатқанын айтты.

«Бұл мәслихаттардың қызметтері барынша жария және ашық болуы тиіс екенін білдіреді. Бар проблемаларды халықпен ашық талқылап, азаматтармен бірге оларды шешуге қол жеткізу қажет. Бұл ретте қазіргі заманғы коммуникациялық технологиялар үлкен мүмкіндік береді», деді Сенат Төрағасы.

Сенат басшысы келесі жылдан бас­тап облыстарды дамыту стратегиялары бойынша Сенатта мәслихат депутаттары мен Үкімет өкілдерінің қатысуымен парламенттік тыңдаулар өткізу тәжірибесін енгізу жоспарда бар екенін жеткізді.

Палата басшысы өз сөзінде мәслихат­тар­­дың қызметі барынша ашық болуы кере­кт­ігін де атап өтті. Қазіргі заманғы ком­му­­ни­кациялық технологиялардың мүм­кін­дік­теріне тоқталған Д.Назарбаева жо­ғар­ғы па­лата мен барлық деңгейдегі жер­гі­лікті өкі­летті органдардың депутаттары тірке­ле­тін, әріптестер арасындағы үнқа­ты­суға ар­нал­­ған тұғырнама ретінде бірыңғай «Мәс­­ли­хат­тар» веб-порталын құру туралы айтты.

Бұдан кейін сөз алған Премьер-Ми­нистр­­дің орынбасары Бердібек Сапар­баев ел би­­­лігінің бір тармағы ретінде мәс­ли­хат­тың эко­­номиканы дамытуға, халық­т­ың әл-ауқа­­тын жақсартуға зор үлес қосатынына тоқталды.

«Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің» атынан сенатор Төлеубек Мұқашев сөз сөйледі. Ол қоғамның әлеу­меттік-экономикалық дамуы мен оны демо­кратияға бейімдеуде мәслихаттардың рөлі туралы айтып, әріптестерін өздеріне де, жұмысқа да көбірек талап қоюға шақырса, аймақтық мәсли­хат­тардың хатшылары да баяндама жасады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республика­сындағы 216 мәслихатта 3335 депутат жұмыс істейді, оның ішінде 17 аймақтық, 36 қалалық және 163 аудандық мәслихат бар.

Конференция соңында депутаттар Сенат­тың Құрмет грамоталарымен, Қазақ­стан мәслихаттарының 25 жылды­ғына орай Қазақстан Республикасы Премьер-Ми­нистрінің Алғыс хаттарымен марапат­тал­ды. Жергілікті билік органдарын да­мы­туға үлес қосқан әрі ерекше көзге түскен депутаттарға Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан «Бірлік» алтын медалі мен «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерейтойлық медальдары тапсырылды.

Сондай-ақ «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ бюросы­ның шешімі бойынша бір топ депутатқа «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» атағы берілді.ъ

 

Лебіздер легі

 

Ұлбосын АХМЕТОВА,

Ақмола облысы Жарқайың аудандық мәслихатының хатшысы:

– Бір мақсат үшін үндесіп, елді мекендердегі халықтың талап-тілегін орындау жолында, ел игілігі үшін қызмет ететін мәслихаттарға 25 жыл толып отыр. Бұл мерзім аз да, көп те емес. Осы уақыт аралығында атқарылған шаруа өте ауқымды. Елдің елеулісі, халықтың қалаулысы деген атаққа ие болған депутаттар әр жерлерде халықтың мұң-мұқтажын жоқтап келеді.

Республика көлемінде қабылданып жатқан заңдардың уақтылы нәтиже көрсетіп, аудан көлемінде шешім шығаруда мәслихаттың еңбегі зор деп есептеймін. Ең бастысы, әлеуметтік көмек, тұрмыс жағдайын жақсарту, халықтың мүддесіне қызмет ету – біздің басты міндетіміз. Әсіресе көп балалы аналарды, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету маңызды. 

Гүлмира ҚАРЫМБАЕВА,

Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қалалық мәслихатының хатшысы:

– Мәслихат депутаттарының бүгінгі жиыны екі тұрғыдан ма­ңыз­ды. Бі­рін­шісі – мәслихаттың тарихы. Яғни, ел дамуына қосқан үлесі. Екін­шісі – атқарып жатқан жұмысымыздың қазіргі нәтижесін бағам­дауға мүмкіндік береді. Сондықтан конференцияның тиімділігі зор екені сөзсіз.

Кешелі-бері көтеріп жатқан мәселелеріміз өте көп. Мәслихат депутаттарының мәртебесі көтерілсе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ мәслихат хатшысын өңірлерде мәслихат төрағасы, төрайымы деп атауға өтініш жасадық.

Сонымен қатар тұрғындардың мұң-мұқтажы әрдайым біздің назарда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында әлеуметтің, халықтың жағдайы маңызды екенін атап көрсетті. Осы бойынша елдің тұрмысын одан әрі жақсарта беруге үлесімізді қоса береміз.

Әли БЕКТАЕВ,

Сенат депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы:

– Мәслихатта, біріншіден, жергілікті жердің бюджеті талқыланады. Өңір­­дегі халықтың тұрмысына, экономикаға қатысты көптеген мәсе­ле қаралады және тиісті мағыналы шешімдер қабылданады. 25 жыл­да мәслихат өз тарихында көптеген жұмыс атқарды. Соның ең жар­қын көрінісі – халқымыздың жергілікті жердегі ынтымағы мен бірлігі.

Ел ішінде, өңірлерде түрлі жағдайлар кездеседі. Біреу ренжіп, келесісі ырза болуы мүмкін. Солардың бәрін басын қоса отырып, елімізді бірлікке жетелеп, экономиканы дамытуға, өңірлердің әл-ауқатын жақсартуға бірден-бір атсалысып жүрген мәслихат пен оның депутаттары екені белгілі.

Мәслихаттар өміріміздегі, тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы өте маңызды билік тармағы деп айтсақ қателеспейміз.

Айгүл ҚАПБАРОВА,

Сенат депутаты:

– Мәслихаттың рөлі жыл санап артып келеді. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева бүгінгі конференцияда мәслихаттардың алдына үлкен міндеттер қойды. Жергілікті бюджеттің дұрыс жұмсалуы, эко­­ло­гиялық мәселелерге ерекше мән берді. Қазіргі таңда расында эко­ло­гиялық мәселелер күн тәртібінде тұр. Осы салаға беріліп жат­­қан қаражаттың дұрыс жұмсалуына, мән беруіне, тұрмыстық қал­дық­­тарды қайта өңдеудің қажеттілігін айрықша атап көрсетті. Сонымен қатар жылдан-жылға мәслихат рөлін көтерудің маңызына тоқталды.

Бүгінгі шарада айтылған мәселелер мәслихаттың жұмысын жетілдіруге септігін тигізеді деп ойлаймын.