Жоңғар қалмақтары қазақтан жаулап алған жерлерде қоныстанып қалып отырған. Солар тұрған, не өлген жерлер әлі күнге Тастақ, Қастек, Боралдай, Баянқол, Шамалған, Қаскелең атымен аталуда. Оларды басып алған жерден қуып шығу оңайға түскен жоқ. Тұтқындар ішіндегі қыздарға қазақ жігіттері үйленіп, қазақ-қалмақ құдандалы туыстық жолымен қатар өмір сүріп жатқан жерлер де болған. Сол қалмақтың бірі – Насырқалша. Ол қазіргі Шелек ауылы тұрған Қоянды деген жерде бекініс салып, сыртынан айналдыра терең ор қазып, оған су жіберіп, қорған жасаған. 6 мыңдай шерігі болған. Сол өңірдегі жергілікті қазақтардың албан, қаңлы, жаныс руларына Насырқалшаның тізесі әбден батады. Халықты сүліктей сорып, аяусыз қанап, салықтың түрін көбейтіп, малын, асты-ғын күшпен тартып алып, ойына келгенін істеген. Көзіне көрінген жылқының тұлпарын, әйел біткеннің әдемісін тартып алып отырған. Қалмақтың қара бұжыры, қара қүш иесі Насырқалшамен Еламанұлы Шағаман жекпе-жекке шығып, қазақ батыры бұжырдың басын кесіп алған. Жетекшісінен айырылған қалмақтар елден қашып, шығысқа кетуге мәжбүр болады. Шағаман батыр тұлғалы, ірі денелі, сөзге сараң, кеңпейіл болған. Кенже інісі Найманбайды жақсы көріп бірге ертіп жүрген. Қалмақ батырының басы салынған атдорбаны ауыл ақсақалдарының алдына әкеліп тастағанда үлкендер: «Айналайын, батыр Шағаман! Енді тілегіңді айт» дегенде, Шағаман жақсы көретін інісі – Найманбайға бата беруін сұрапты. Қазақ халқы бұрын батыры мен емшісін ханнан жоғары сыйлаған. Ауыл ақсақалдарынан ақ бата алған Найманбай ұрпағынан кейін атақты адамдар, бай, батыр да көп шыққан. Шағаман батыр жоңғар қалмақтарымен Орта жүз жерінде де соғыстарға қатысқан. Осы аймақта болған үлкен шайқаста батыр қаза болып, сүйегі сол өңірге жерленген екен. Қарағанды облысы Нұра ауданы «Шағаман» ауылы кеңестік кезеңде «1 Май» атанған, ел тәуелсіздігінен кейін елді мекеннің атауы қайта жаңғырады.
Батыр – бәріне ортақ. Жергілікті жұрт Шағаман рухын қадірлеп, қастерлеп, киелі деп санап келеді. Арғын руының – Құлымбет тармағынан тарайтын Шора Бекенов қария: «Біздің елде Шағаман батырдың есімі ерекше ардақталады. Оның Ұлы жүз үйсін руынан шыққанын білетінбіз. Шағаман баба секілді батырлар байтақ қазақ жерін қорғаған. Ел басына күн туғанда алты Алаштың баласы осылай тізе қоспаса, мына өлке ұрпаққа мұра болып қалар ма еді?! Бабалардың ірілігі, намыстылығы, бауырмалдығы бүгінгі ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Бөлінбей Қазақстан деген бір тілеумен өмір сүретін кезең қайта басталды» деген еді.
2005 жылы 14 шілдеде Алматы облысындағы Шағаман батыр ұрпақтары, ел қорғау жолында туған жерден шалғай барып, мәңгілік қонысын тапқан баба басына жергілікті тұрғындардың көмегімен ескерткіш қойды. Үш ғасырдан кейін тарих қойнауынан ортамызға оралған батыр бейнесі ұрпақтарына үлгі, мақтаныш болды.
Биылғы шілденің 14 күні Қарағанды облысына жол түсіп Алматы облысынан 40 адам – баба ұрпақтары туғанына 315 жыл толуына байланысты Шағаман ата басына барып дұға жасап, дастарқан жазып, Шағаман ауылы тұрғындарымен қауышып қайтты. Аста сөйлеген ауыл тұрғындары : «Шағаман Еламанұлына аталарымыз тарапынан құрметтің өзі сонау XVIII ғасырда батырдың денесінің биік дөңес жерге қойылуынан басталғанын ескертті. Бүгінде бабаның басына келіп ауру адамдар тәу етіп қонып кетеді. Жергілікті тұрғындар қорғаныш және мақтаныш тұтады. Ұрпақтарының келіп, басына аят оқытуы бабаға деген құрмет, ел қорғауды халқымыздың бірінші мәселе етіп қойғанын, қасиетті қазақ жерін қорғау – әр азаматтың міндеті екенін атап өтті. Зор ризашылықтарын білдірді», – дейді батыр ұрпағы Елубай Байқалықұлы.
Бұл – елдігіміздің белгісі. Жырақта жатқан бабаның орнын тауып, белгі орнату батыры бар қазаққа ортақ екенін білдіреді және қазақ жерінің біртұтас екенін дәлелдейді. Тағы дәлел, Есім, Жәңгір хандар серігі болған Ағынтай батыр Орбұлақ шайқасына жетісулық Қарасай, Сарбұқа батырлармен бірге қатысып, Жәңгір ханды қалмақ тұтқынынан босатқан. Ағынтай мен Қарасай батырлардың сүйектері Солтүстік Қазақстан облысы Айыртаудағы Құлшынбай төбесінде жерленген. Батыр Баян Ертіс жағалауында, Шорға шайқасына, Ақшәулі ұрысына, Қытай әскерін Шығыс Түркістанға шегіндірген ұрысқа қатысқан. Бейіті Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Шекелек зиратында. Батыр Баян серіктесі теріскейлік Мықтыбай Бекайдарұлы да осы жерде қоныс тапқан. Абылай ханның серігі Құлеке батыр сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген.
Бүгінде туғанына 315 жыл толған Шағаман батыр Еламанұлын еске алғанда «Алашпыз!» деп елдің әр аймағынан атқа қонып, Отанын шапқыншы-лықтан қорғаған батыр бабалар тұлғалары көз алдымызда елестеп өткендей болады. Жақсыны ардақтау, оған қарап бой түзеу, кісілік қалыптастыру – күн тәртібінен түспейтін дәстүр талабы.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
зейнеткер
АЛМАТЫ