Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2019

Қарағандыда «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы анықталды

844 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында облыстық «Жыл мұғалімі» байқауы мәреге жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Қарағандыда «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы анықталды

Мәртебелі мамандық иелерінің сайысына өңірдің 34 мұғалімі бақ сынап, оның ішінде 12-і шешуші кезеңге жолдама алған болатын. Байқаудың алғашқы кезеңі аудандар мен қалалар деңгейінде өтті. Екінші кезеңде үміткерлер облыстық мамандандырылған «Мұрагер», «Дарын» мектеп-интернаттары және № 93 гимназия базасында сабақтар мен сыныптан тыс іс-шараларды өткізу тапсырмалары бойынша білік жарыстырды.

Ал шешуші кезеңде  қатысушылар өздерін таныстырып, «Ашық микрофон» байқауында ұсынылған тақырыптар бойынша ой бөлісті, содан кейін педагогикалық жағдайларды талдады.

Арнайы комиссияның шешімімен байқаудың бас жүлдесі мен «Жыл мұғалімі» атағын Балқаш қаласындағы №10 мектеп-балабақша кешенінің мұғалімі Олжас Сәуріков жеңіп алды.

Бірінші орынға № 97 гимназияның тарих пәні мұғалімі Олег Те ие болса, жүлделі екінші орын облыстық тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнұр Қалиеваға бұйырды. Ал үшінші жүлдені Саран қаласындағы  №2 мектеп-балабақша кешенінің ағылшын тілі мұғалімі Дарья Хохлова қанағат етті.

Сонымен қатар, аталған байқауда бірнеше аталым бойынша жүлдегерлер анықталды. Мысалы, «Үздік сабақ» номинациясы бойынша №8 гимназияның химия пәнінің мұғалімі Гүлнәр Бимендина жеңімпаз атанса, «Үздік сыныптан тыс шара» аталымында Шет ауданының өкілі,  Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясында тарих пәнінің мұғалімі Ербол Қызылов топ жарды. «Үздік үй тапсырмасы» номинациясы бойынша Сәтбаевтағы Абай атындағы №2 орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Меруерт Әбішева үздік атанды. Ал, «Көрермендер көзайымы» аталымы бойынша Бұқар жырау ауданындағы Үштөбе орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ботагөз Алина жеңімпаз атанды.

«Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.