Қоғам • 10 Желтоқсан, 2019

Несие алып, несібесін арттырған отбасы

848 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуы­мыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Жарма ауданының Шар деп аталатын шағын шаһарынан сәл әріде орын тепкен «Жан», «Дәурен» шаруа қожалықтарының жұмысымен жақын танысқанда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қанша уақыт өтсе де мәнін жоймайтын осы бір сөзі еріксіз еске түскен.

Несие алып, несібесін арттырған отбасы

Бізді күннің бораны мен толассыз жауып тұрған қарына қарамай Өскеменнен осында бастап келген «Аграрлық не­сие корпорация­сы» АҚ-ның облыстық филиалы ди­рек­­торының орынбасары Гүл­нұр Солтанбаева «Жан» шаруа қожалығы биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы бойынша несие алып, Қостанайдан 139 бас қазақтың ақ бас сиырын сатып әкелгенін айтқан-ды жол-жөнекей. Сөз ләмінен мұнда келу­дегі мақ­саты мемлекет тарапынан бе­ріл­ген несиеге не алынып, не алын­бағанына көз жеткізу еке­нін аңғарғанбыз. Әңгімені біз­ді Шар­дан қарсы алып, шаруа қожа­лығына қарай алып жүр­ген Нұр­туған Манапов көлік ішін­де бас­тап кетті. 

жарма

«Өскеменде бірнеше жыл банкте жұмыс іс­тедім. Басқа қала­ларға да жұ­мысқа шақырды. Ой­лана келе, ауылға келіп, мал шаруа­шылығымен шұғылдануды жөн деп шештім. Қазір әулетіміз­бен, әкем бар, анам бар, інім бар, осы жерде асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырын өсірумен айналысып жатқан жайымыз бар. 2011 жы­лы «Аграрлық несие корпора­ция­сынан» 15 миллион теңге несие алып, шаруаны енді қолға ал­ған кезімізде бар болғаны 60-70 ірі-қарамыз бар еді. Бүгінде міне, құ­дайға шүкір, сиырымыздың саны мыңға жетіп қалды» деген­де әуелде сенбегеніміз рас. Бізді қо­йып, шаруа қожалығына бұған де­йін бірнеше мәрте несие рәсім­деген «Аграрлық несие кор­по­ра­ция­сы­ның» өкілі де «Бұл сол жер ме, әлде басқа жер ме?» деген­дей бұ­рын келген қыс­тағы­ның адам та­ны­мастай өзге­ріп кет­кеніне таң­да­ны­сын жасыр­мады. «Қазір жайланып шай ішіп отырған үйіміз бір­неше жыл бұрын мал таба­нын­дағы қаңыра­ған ғимарат бол­ған десем сенбейтін шығар­сыз­дар. Осы­ның бәрі ұлдардың ең­бегі­нің, білімі­нің арқасы. Бізге сенім біл­ді­ріп, осымен үшінші мәр­те несие бер­ген «Аграрлық несие кор­по­­ра­ция­сына» мың алғыс. Мем­лекет­тің қолдауы бол­маса, бүгін­гі­дей дә­ре­жеге жетер ме, жетпес пе едік?!» деген шай үстінде ағайын­ды Нұр­­туған мен Дәуреннің әкесі Шыңғыс ағамыз.

Шаруа қожалығындағы қай­­­нап жатқан тірлікті кө­ріп­ Өс­кеменнен арна­йы­ кел­ген «Аграрлық не­сие корпорация­сы» АҚ-тың облыс­тық филиа­лы дирек­торының орынбасары Гүлнұр Солтанбаеваның көңілінің тоғай­ғаны рас. «Аг­рарлық несие корпорациясы»  негізінен мал және өсімдік ша­руашылығына қатысты жобаларды қаржы­ландырады. 2019 жылы «Қара­пайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы облыс бойынша жалпы сомасы 900 миллион теңгені құрайтын 42 жобаға қаржы бөлінді. Жыл аяғына дейін тағы құны 500 миллион теңге болатын 30 жобаны қаржыландырмақ ойдамыз», дейді ол.

Май өндірісімен шұғыл­данатын Өскемендегі «Таг-Тин» ЖШС-сы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қомақты несие алыпты. Серіктестік басшысы Қанат Құр­манғалиевтің айтуынша, осы бағдарлама аясында бе­ріл­ген қаржыға зауыт бой кө­теріпті. «Зауыт құрылысын 2016 жылы бастағанбыз. 2019 жыл­дың басында зауытты іске қостық. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының көмегімен зауыт құрылысына жалпы сомасы 700 миллион теңге қаржы жұмсалды. Оның 180 миллионы – өз қаражатымыз. Біз қазір күнбағыстан өндірілген майды Қытайға экспортқа шығарып жатырмыз, дейді кәсіпкер.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы