Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев шараның ашылуында сөйлеген сөзінде жемқорлықтың қай елде болмасын қоғамға кері әсер тигізетін зауал екенін, Қазақстан халықтың жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға ұмтылып отырған елдер қатарында екенін атап өтті.
-Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» мақаласында жемқорлықпен күресті күшейтудің нақты шараларын анықтап берді. Жемқорлық бағытындағы құқықбұзушылықтардың жүйелі алдын алу шаралары. Мемлекеттік қызметкерлердің ашықтығы жемқорлық белгілерінің азаюына септеседі. Жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің нәтижелі әдістерінің бірі – мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілердегі ашықтығы.
Бұл – мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Түйткілді мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік қызметкерлердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасауына жол бермеу. Көптеген мәселелер электронды форматта шешіледі, деді Нұрлан Ноғаев.
–Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында Атырау облысы әкімдігінің Telegram чат-арнасы ашылды. Бұл өңірде туындаған өзекті мәселелерді жедел шешудің өте тиімді әдісі. Қазіргі таңда Атырау облысы әкімдігінің чат-арнасында 14 мың адам тіркелген және олардың әрқайсысы көкейіндегі сұрақты қойып, толыққанды жауап ала алады.
Аймақ басшысы атап өткендей, апта сайын аудан әкімдерінің, мемлекеттік орган басшыларының тікелей эфирі өткізіліп тұрады. Жемқорлықпен күрестің ең нәтижелі құралдарының бірі – мәліметтер беруді цифрландыру.
Қазіргі таңда, мемлекеттік қызметтің басым бөлігі электронды форматта көрсетіліп, мемлекеттік қызметкердің қызмет алушымен тікелей қарым-қатынас орнатуына жол бермейді.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен «Геоақпараттық портал» жобасы жүзеге асуда. Бұл тұрғындар үшін қажетті ақпаратты интернет арқылы алуға мүмкіндік береді. Біз аталған жүйені алға қарай да жетілдіре береміз, деп мәлімдеді облыс әкімі.
Геопортал – тұрғындарды, жергілікті атқарушы органдарды және аймақ туралы картографиялық ақпаратты бір ақпараттық арнаға тоғыстырған отандық инновациялық ІТ-жоба.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттігінің Атырау облыстық департаментінің басшысы Нығмеджан Сапаров, өз сөзінде бұл қоғам дертінің әлемнің барлық елдерінде, олардың даму деңгейіне қарамастан орын алып отырғанын атап өтті.
-Ол экономикалық дамуды тұралатып, қоғамдық тәртіпті бұзып, қоғамның сеніміне селкеу түсіреді. Бүгінде жемқорлыққа қарсы Агенттік аймақта ауқымды алдын алу жұмыстарын жүргізіп отыр. Биыл 2,5 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Олар халықтың барлық топтарын қамтыды.
Құрылған арнайы орган жемқорлықтың салдарымен күресіп қана қоймай, аталған бағыттағы мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру жұмыстарымен, тұрғындардың жемқорлыққа қарсы мәдениетін жоғарылатумен айналысады, деді Нығмеджан Сапаров.
Шара барысында бірқатар қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері жемқорлыққа қарсы күреске, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлестері үшін алғыс хаттармен марапатталды.