Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуына қарағанда, өңірде 29 киелі нысан бар. Атап айтқанда, жалпыұлттық маңызы бар – 10, өңірлік маңызы бар 19 нысан тіркелген. Олардың қолжетімділігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту бойынша жасалған Жол картасының шеңберінде 175 млн теңге жұмсалған.
«Амангелді, Жангелдин, Денисов, Қостанай, Меңдіқара, Науырзым аудандарының әкімдіктері 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасында көзделген іс-шараларды толық көлемде орындады. Жангелдин ауданында жалпы сомасы 3,65 млн теңгеге Қазыбай әулие мазарына құрылыс жұмыстары жүргізіліп, зиярат етуге келгендер үшін үй салынды. Қобызшы Тілеп Аспантайұлы жерленген жерде 12 млн теңгеге мавзолей тұрғызылды. Бейімбет Майлин ауданындағы Жабағы Ипанұлы батырдың жерленген жеріне қоршаулар мен қақпа орнатылып, кірме жол салынды. Жалпы, облыстың барлық киелі нысаны қанағаттанарлық жағдайда. Барлық объектілерде QR коды бар үш тілдегі ақпараттық тақтайшалар орнатылған» дейді Ерлан Қалмақов.
Биыл Қостанай облысының киелі жерлерінің тізіміне қосымша 9 нысан енгізіліпті.
Таяуда облыстық Мәдениет басқармасының басшысы облыс әкіміне 2020 жылы тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығын ашуды ұсынған. Орталықтың мақсаты өңірдің тарихи-мәдени мұрасын дәріптеу болмақ. Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Мәдениет басқармасы басшысының бұл ұсынысын қолдады. Сондай-ақ әкім өңірді таныстыратын 10-15 минуттық бейнефильм жасауды тапсырды.