Сейсенбі күні кешкісін Қарағандыда Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінің екінші ойынында да Беларусьтің БАТЭ-сін 1:0 есебімен жеңген «Шахтер» командасы келесі айналымға шықты.
Енді «Шахтер» үшінші кезеңде Албанияның чемпионы «Скендербеу» командасымен кездеседі. Егер оны жеңсе, плей-офф кезеңіне шығады. Бұл «Шахтердің» Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнайтынын білдіреді. Демек, кездесуде жеңілсек те, Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаймыз. Ал, жеңсек «Шахтер» топтық турнирге қатысып, Еуропаның алаңдарында кілең мықтылармен күш сынасады. Енді «Шахтердің» сейсенбі күні кешкісін қарсыласын ұтып, бүкіл Қазақстанды өзіне қаратқан ойынына келсек, бұл кездесуде қарағандылық команда белорустарға қарағанда сенімді ойнады. Кездесуде «Шахтер» барлық жағынан БАТЭ-ден басым түсті.
Қазір бізге ойынның бастан аяқ қалай өткенін тізіп, жазып отырудың қажеті шамалы. Ерекше атап өтерлік жайт, «Шахтердің» қорғанысы мен қақпашысы Александр Мокиннің жанқиярлық ойыны команданың жеңіске жетуіне көп көмегі тиді. Ол қонақтардың барлық соққыларын қайтарып, ойынның соңына дейін қақпаны таза сақтады. Бұл кездесуде қақпаны БАТЭ-нің 15 соққысын ғана емес, 67-минутта ойдан шығарылған пенальтидің өзін де қайтарып тастады. Кездесуде «Шахтердің» қорғанысы белорустардың барлық шабуылына тосқауыл қойып, гол соғуға мүлдем мүмкіндік бермеді. Қайта, бүкіл ойын бойы біздің қорғаушылар қарымта шабуылға жағдай туғызып, шабуылшыларға көмектесіп отырды. Сондай кездің бірінде қарсыластар алаңында жалғыз жүрген Игорь Зеньковичке пас шығарып, оның гол соғуына жағдай жасады. Жалпы, «Шахтердің» сейсенбі күнгі ойыны бәріміздің көңілімізден шықты. Ал ойыншылары ойын өрнегімен, жанкештілігімен көзге түсті. Ең бастысы, қарағандылықтар бүкіл Қазақстанның атын Еуропа алаңдарын айқайлатып шығаратындай команда екенін көрсетті.
Бүгін Еуропа лигасының екінші кезеңінің жауапты кездесулері өтеді. Біздің Павлодардың «Ертіс» командасы сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» клубымен ойнаса, «Ақтөбе» өз алаңында Норвегияның «Хедд» клубын қабылдайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».