Елбасы бағдарламалық мақаласында: «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», деп атап айтты. Өзіміз ғана тамашалап қоймай, күллі әлемге көрсетуге лайық мәдени мұраны насихаттау ісіне ерекше мән берілуде. Соның бір айғағы – Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы этнографиялық музейде ашылған «Қазақстанның алтын мұрасы» көрмесі. Көрмеге Алтын адаммен қатар сармат кезеңінің жәдігерлері – алтын жапсырмалар, қыш ыдыстар, жебе ұштары мен моншақтар, қола айналар мен құмыралар, барлығы 600-ге жуық құнды дүние қойылды.
– Қорғаннан табылған ер адамның киімі алтын жапсырмалармен безендірілген, шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне дейін алтынмен апталып, әшекейленген. Мұның өзі бұл адамның тайпа көсемі, қолбасшы немесе діни абыз адам болғанын дәлелдесе керек. Аралтөбе қорғаны Құлсары қаласының солтүстік-шығысынан 65 шақырымда, Ақмешіттің оңтүстік-батысында орналасқан. Ғылыми дәлелдемеге сәйкес, бұл алтын киімді адамның өмір сүру кезеңі екі мың жыл бұрынғы сарматтар дәуіріне жатады, – дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова.
Ресейге Алтын адамды алып барған музей қызметкерлері көрмеге қызығушылық танытқандар қатары көп екенін айтады. Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулы Бауыржан Досманбетов те бұл шараның екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасына соны серпін беретінін атап өтті. Ал Санкт-Петербург үкіметінің туризмді дамыту комитетінің елшісі Андрей Мацарин: «Алтын адам екі жақтың туристік саласын дамытуда басты құрал деп білемін. Петербург – туристік қала, менің ойымша осы көрмеден кейін сіздер жаққа туристер ағылады, өйткені Алтын адам көпшіліктің қызығушылығын оятып отыр», - дейді.
Атыраудан табылған Алтын адамның шетелге алғашқы «сапары» осылайша табысты аяқталды.
АТЫРАУ