100 • 14 Желтоқсан, 2019

Қазақстан баспасөздері

566 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1923 жылғы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №85 санында «Қазақстан баспасөздері» мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстан баспасөздері

Қазақстан баспасөздері хақында жазғанда алдымен газет-журналдардан бастауға тура келеді. Кеңес үкіметі орнағаннан бері Қазақстанда баспасөз жұмысынан бірінші қолға алғаны – газет-журнал жұмысы. Осы күні Қазақстанда 4 газет, бір журнал шығып тұрады. Орынборда Кіндік үкіметтің тілі «Еңбекшіл қазақ» газетасы бар. Аймақтық партия комитетінің атағынан «Қызыл Қазақстан» журналы шығып тарайды. Семейдің губком, губисполком атағынан «Қазақ тілі» шығады. Ақмолада «Бостандық туы», Оралда «Қызыл ту». Бұл газеттердің қай қайсысы болса да үкімет күшімен шығып, халыққа тегін тараумен келген. Алды 1922-жылдың ортасынан, арты 1923-жылдан бастап ақшалы болып отыр.

Газеттердің қай қайсысын алса да іс жағынан шабандайды. Кіндіктегі үкімет тілі болып тұрған «Еңбекшіл қазақ» газеті де жетісіне екіден артық шыға алмай тұр. Оған себеп: газет жұмысына ысылған азаматтар кем. Бірен-саран қолынан іс келеді деген адамдар басқа жұмыстарға жегіліп жүр. Газет жұмыскерлері айына өзгереді десе де болады. Қалам қайраткерлерінің ешқайсысы уақытымен сөз жазып, газет жұмысына жәрдемдесіп тұруға міндетті етілмеген. Оның үстіне, газеттің ақшалы болуын сылтау қылып, үкімет газет жұмыскерлерінің санын кемітіп тастаған. Қазірде «Еңбекшіл қазақ» басқармасында 4-ақ адам бар. Бір секретарь, бір іс жүргізуші, бір газет таратушы, бір корректор; губерниялар һәм жергілікті мекемелермен байланысы аз. Қазақстанның ешбір губерниясында «Еңбекшіл қазақтың» тілшісі жоқ. Соның бәрі басқармадағы қызметкерлердің аздығынан, олақтығынан болып отыр.

«Қызыл Қазақстан» журналы айына бір шығады. Мұнда да белгілі жазушы жоқ. Оның үстіне үкімет тарапынан берілетін ақша көмегі мезгілімен тиіп тұрмағандықтан журнал осы күні тоқтаудың аз-ақ алдында. Январь, февральда шыққан нөмірлері әлі күнге таралмай, басқармада тау болып үйіліп жатыр.

«Қазақ тілі» Семей губисполкомының атағынан тарайды. Жетісіне екі-үш рет шығады. 1922 жылдың аяғына шейін екі беттік болып келді. Басында отырған азаматтардың қолайсыздығынан ба, 1922 жылдың аяғына шейін «Қазақ тілінің» маңызы шамалы болып келді. 1923 - жылдың басынан бері қарай жаңадан басқарушы сайланып, бұрынғысынан көрі түзеліп, етек-жеңін жиғандығы сезіледі. Қазірде 4 бет болып шығып тұр.

«Бостандық туы» газеті Ақмола губисполкомының атағынан тарайды. «Жетісіне екі рет шығады» деп жарияланса да, бірден артық шықпауға тиіс. Тарауы өте шабан. Газеттің маңызына қарағанда, оның да қалам қайраткерлеріне өте мұқтаждығы көрініп тұр.

«Қызыл ту» – Орал губисполкомының газеті. Бұл жетісіне бір шығады. 2 бет. Баспасы, қағазы өте нашар. Бұрыннан газет оқып, ысыла келген адам болмаса, елде жатқан шаруалар тыңнан көргенде айырып оқи да алатын емес. Басында тұрған міндетті атқарушылары да бұрын ондай жұмысқа жегіліп көрген болмасқа тиіс. Басқа газеттерге қарағанда қалам қайраткерлеріне «Қызыл ту» өте мұқтаж.

Бұл айтылған газеттерден басқа бөгде «Қазақ жарлылары» деген бір жағы орысша, бір жағы қазақша бір газет шығады. Қазақшасы орыс­ша­дан аударылып отырылған. Сөзі түсініксіз. Баспасы өте көмескі.

Жоғарғы айтылған газеттердің ішінде «Қазақ тілі», «Бостандық туы», «Қызыл ту» сол шығып тұрған өздерінің губернияларынан басқа жерге аттап баспайды. Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің Қостанай губернияларындағы қазақтар атын естіген жоқ десек, өтірікші болмаймыз.

Қазақстанның қай губерниясында болсын, аз да болса тегіс тарап тұрған «Еңбекшіл қазақ» пен «Қызыл Қазақстан» журналы. Жалпы еңбекшіл бұқараның осы екеуінен басқа қазақ тілінде шығатын газеттерден хабары аз.

Қазақстан баспасөзінде газет-журналдардан басқа көзге түсетін бір нәрсе – 1922-жылдың ортасынан бері қарай там-тұмдап оқу кітаптарының, бірлі жарымды өлең, ойын кітаптарының басылып шығуы.

Оқу комиссариатының жұмсауымен Қазандағы кітап бастыратын уәкілі Ахмет Байтұрсыновтың «Оқу құралы», «Тіл құралдарын» бастырып шығарды. Орынбордың өзінде «Есеп құралдары», «Оқу кітабы», «Педагогика» және бірнеше ойын кітаптары, өлеңдер басылып шықты. Ұзамай Байтұрсыновтың «Тіл құралының» ІІІ бөлімі һәм «Физика» басылып шықпақ. Бұлар әлі қазақ тілінде оқылатын кітаптардың оннан бірін де түгендей алған жоқ. Үкімет баспасөз бөлімі бұдан былай қазақ кітаптарын бастыруға айрықша назар салса, едәуір кітап басылып тарауы күтіледі.

Жалпы бұқараның баспасөзге көзқарастары өте көңілді. Бірен-саран газеттер, жаңа шыққан кітаптар қолдарына тисе, оқып, өліп кете жаздайды. Соңғы уақытта жұрттың назарын өзіне тартып отырған – «Еңбекшіл қазақ» пен «Қызыл Қазақстан» журналы. Ақтық ақшасына болса да сатып алып оқуына бар. Бірақ жергілікті почта мекемелерінің істерінің салақтығынан кіндіктен жіберілген газет-журнал уақытымен барып тимейді. «Еңбекшіл қазақ» пен «Қызыл Қазақстанның» көбірек тарайтын жері – Ақмола, Семей. Одан басқа губернияларға некен-саяқ баратын шығар, елде жатқан жабайы қазақтың қолына түспейді десе де болады. Басылып шыққан оқу кітаптары болсын, ойын, өлең кітаптары болсын, жер-жерге әлі тарап үлгерген жоқ. Үкімет баспасөз бөлімінің әр губерниядан шыққан кітап дүкендері жалпы жұртты қанағаттандыра алмайды. Бірлі-жарлы өз тұсынан алдыруға тура қолдарына келіп тиюі күмәнді болған соң, жұрттың көбі самарқау тартады.

Сонымен, Қазақстан баспасөзінің бұл уақытқа шейін бастан кешірген дәуірі өте аянышты дәуір деуге болады. Бұл ізімен кете берсе, баспасөзге сусап, құмарланып отырған халықтың ынтығын басу оңай емес. Сондықтан бұдан былай қарай бұл күйді өзгертіп, баспасөз жұмысын тез аяққа бастырып жіберу үшін бірнеше шаралар қолданбай болмайды. Ол шаралар мынау болуға тиіс:

1 – Қалам қайраткерлерінің бәрін жұмыстарынан босатып, жазуға салу керек.

2 – Газет-журналдардың басына тыңғылықты, іскер азаматтарды отырғызып, оларды да басқа жұмыстарынан босату керек.

3 – Кіндіктегі газеттің әрбір губернияларында, губерниядағы газеттердің әрбір уездерде тілшілері болу керек.

4 – Қызмет бабында тұрған әрбір ортақшыл азаматтар уақытымен газетке сөз жазып тұруға міндетті болсын.

5 – Жергілікті мекемелер баспасөзді қазақ ішіне көбірек таратуға тырыссын.

6 – Баспасөз жетісіне жергілікті мекемелер қазақ ішіне айрықша үндеу таратып, газет-журнал алушылардың санын арттыру керек.

7 – Баспасөзді бұлжытпай көрсетілген адресі бойынша орындарға жеткізіп тұруға почта мекемелері міндетті болсын.

8 – Үкімет баспасөз бөлімі бұдан былай қазақ кітаптарын көбірек бастыруға тырыссын.

9 – Орынборда шығатын «Еңбекшіл қазақ» газетасы күніне бір шығартылсын.

10 – «Қызыл Қазақстан» журналы мүмкіндік болған күнде айына екі рет шықсын.

11 – Қазақ әдебиеті жаңа талпынып келе жатқандықтан оны көркейту үшін кіндікте айына бір шығатын әдеби журнал болсын.

12 – Губерниядағы шығатын газеттер қаріп һәм жұмыскер жағынан мұңсыз болсын.

13 – Қазақтан қаріп тізетіндер жоқ болғандықтан ілгергі күнді еске алып, аймақта қаріп тізетіндер курсы ашылсын. Оған әрбір губерниядан кісі алынсын.

14 – Осы жаз кіндіктен елге газет-журналды түсіндіріп, қазақ кедейлерін газет-журналға жақындастыру үшін әдейі арналып кісі жіберілсін.

 

Соңғы жаңалықтар