Руханият • 11 Желтоқсан, 2019

Алтын орданың ақ таңы

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда империясының  750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы мәлімдемесіне орай Мемлекеттік Орталық музейі «Nоmаd Life» АҚ қолдауымен музей қорынан «Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің бесігі» көрмесін ашты. Президент өз мәлімдемесінде біздің еліміздің бай мәдени мұрасын дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, киелі нысандарға айналуына басымдылық берді.

Алтын орданың ақ таңы

Көрменің келушілерге ұсынып отырған Орталық музейдің қорындағы  XIII-XIV ғасырларға тән 300-ге жуық  артефакті бар. Бірегей коллекция негізінде музейге келушілерді Алтын Орда кезеңінің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен таныстырады. Көрменің бұл жолғы өзгешілігі  Алматы облысы, Шеңгелді ауылы маңындағы қабірден табылған артефактілер – XIII-XIV ғасырлардағы Шағатай әулеті шенділерінің бірі – сарбаздың жібектен тігілген сәнді киімінің көріністері алғаш рет келушілерге көрсетілді.

Бүгінгі көрмеде бес ақпараттық кешенге жіктеліп көрсетілді, онда мынадай бөлімдер бар екенін айтуға болады, мәселен «XIII-XIV ғасырлардағы сарбаздың киімі, қару-жарағы» бөлімінде белдік әшекейлері, қару-жарақ, жебе ұштықтары, семсер, қылшан және басқа да артефактілер ұсынылды. Алматы облысы, Шеңгелді ауылы маңындағы қабірден табылған, кезінде археолог Ә.К. Ақышев зерттеген құндылық – XIII-XIV ғасырларда жібектен тігілген сәнді киімінің көріністері осы бөлімдегі аса мәнді дерек.

«XIII-XIVғғ. Қазақстан аумағындағы алтынордалық қалалар» бөлімінде  XIII-XIV ғғ. Сарайшық, Отырар, Құйрықтөбе сияқты қала орындарынанан табылған археологиялық артефактілер ұсынылды. 

«Ұлы Жібек жолының байырғы бұйымдары. Монеталар» бөлімінде Қазақстанның алтынордалық қалаларының орнынан табылған байырғы бұйымдары және  сонымен қатар Сарайшық қалашығынан табылған Жошы ұлысының және XIII-XIV ғасрлардағы өзге мемлекеттердің теңге сарайларының өнімдері – күміс, мыс монеталар көз тартады.

«Діндер: тәңірлік, ислам, несториандық, зороастризм, буддизм» бөлімінде   несториандық құлпытастар деректерімен танысуға болады.

«XIII-XIVғғ. Мінәжатттық діни ғимараттар сәулеті» экспозициялық бөлімінде  Сарайшық секілді қалашықтар ғимараттарының  кескін-келбетін, Жошы хан, Алаша хан, Болған ана мазары, Қожа  Ахмет Ясауи кесенесі сынды  сәулет өнері ескерткіштерінің өрнектерін айшықтайтын дүниелер қойылды.

Алтын орданың ақ таңы арайлап атқандай болады дерсіз.