Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2019

Сенаторлар Қарағанды облысын өнеркәсіпті цифрландырудың көшбасшысы деп атады

132 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Сенаттың «Өңір» депутаттық тобы аймақтағы өндірісті жаңғыртып, өнеркәсіптік роботтарды сатып алып, процестерді автоматтандырған кәсіпорындарда болып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Сенаторлар Қарағанды облысын өнеркәсіпті цифрландырудың көшбасшысы деп атады

Сонымен қатар, депутаттар облыс әкімдігінде өнеркәсіптің цифрлық жолға түсу мәселелері мен сұрақтарын талқылаған көшпелі отырыс  өткізді. Жиынға, сондай-ақ облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов қатысты.

Көшпелі отырыста өңір басшысы Жеңіс Қасымбек бұл салада жетістіктермен қатар әлі де болса шешімін таппаған мәселелердің де бар екенін тілге тиек етті.

– Біз үшін бұл өте маңызды мәселе. Облыс экономикасының 50%-тен  астамы өнеркәсіптің үлесіне тиесілі. Кәсіпорындардың басым бөлігі экспортқа бағытталған. Ертең ұтылмау үшін біз цифрлық технологияларды жедел енгізуіміз керек. Бізде ауыз толтырып айтарлық мысалдар бар, бірақ жүйелік проблемалар да жоқ емес. Біз ашық диалогта осы мәселелерді талқылауға әзірміз, – деді ол.

Жиын барысында сенаторлар цифрландырудың дамуына нендей  кедергілердің болып жатқанын және бұл салада қандай заңнамалық өзгерістердің қажет екенін сұрастырды.

Мысалы, «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Михаил Бортник цифрландырусыз кәсіпорындардың, жалпы алғанда елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің мүмкін еместігін атап өтті.

– Елбасы мен Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі цифрландыру турасында нақты тапсырлмалар берді. Біздің міндетіміз – қазіргі уақытта жетістіктердің, сонымен қатар қиындықтардың да бар екенін көзбен көру. Бүгін қарағандылық кәсіпорындарда көргеніміз Қазақстан цифрландыру заманында  өзінің лайықты орнын таба алады деген үміт ұялатады. Мысалы, «Maker» ЖШС бізге барлық технологиялық тізбекті көрсетті. Цифрлық қондырғыны немесе роботталған машинаны сатып алу бір басқа да, ал басынан бастап соңына дейін технологияны дұрыс құру – одан да күрделі мәселе, – деп атап өтті депутаттық топтың жетекшісі.

Сондай-ақ жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы әңгімелесе, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов Қарағанды облысы бойынша іске асырылып жатқан жобалар жайын сөз етті.

– Қарағанды облысында 3.0 индустриясына сәйкес келетін және 4.0 индустрияға өтуге барынша дайын жоғары автоматтандырылған өндірістер бар. 10 кәсіпорында 33 жобаны іске асыру жоспарланған. Инвестицияның жалпы сомасы 160 млрд теңгені құрайды, – деді А.Ержанов.

Жалпы, көшпелі мәжіліске қатысушылар өнеркәсіпте цифрландыру жобасын іске асыру бойынша Қарағанды облысының елімізде көш бастап тұрғанын атап өтті. Мысалы, өңірде көмір бассейндерінің шахталарында «қара алтынды» автоматтандырылған түрде есепке алу жүейлері енгізіліп,  сынамалы цифрлық фермалар іске қосылған. Сондай-ақ, цифрлық технологиялар өндіріс орындарында да кеңінен қолданыла бастаған.

Көшпелі отырыста депутаттар өнеркәсіпшілердің білікті кадрлардың жетіспеушілігі, салық жеңілдіктері, несиелерді арзандату түріндегі ынталандыру факторларының қажеттілігі туралы айтқан өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, олар бойынша Үкіметке, орталық және жергілікті атқарушы органдарға жіберілетін ұсынымдар әзірлейтіндіктерін жеткізді. 

  

 

Қарағанды облысы