Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2019

Күзет қызметкерлері автокөлік айдап кеткен

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде желтоқсан айының алғашқы он күндігі ішінде орын алған келеңсіз жәйт қойды қасқырға лақтырғандай әсер қалдырады.

Күзет қызметкерлері автокөлік айдап кеткен

Мәселенің мәнісі мынада. Таңғы сағат бес кезінде Ақтөбе қаласының тұрғыны полиция бөлімшесіне қоңырау шалып автокөлігі ұрланғанын хабарлайды. Содаң соң осы дерек бойынша ізге түскен сақшылар Қонаев көшесі бойындағы №9 үйдің жанынан азиаттық ұлт белгісіндегі төрт жас азамат «ВАЗ-2114» автокөлігін айдап алып кеткенін анықтайды.

Біраз уақыттан соң кезекші патруль қала сыртында қарға малтығып қалған «ВАЗ-2114»-пен оның салонында отырғандарды қолға түсіреді. Осы кезде олар дәл жауап беруден жалтарып сырғақси ереді. Мұнда бір гәп бар екенін сезген патрульдер әрі беріден кейін автокөлікті айдап кеткендер өздерінің әріптестері екенін біліп айранасыр күйге түседі. Яғни бұлар Ақтөбедегі мамандандырылған күзет басқармасының қызметкерлері болып шығады. Азын шоғын уақыт сөзбен ырғасып, тәжікелескеннен кейін ұсталғандар патрульдық байланыс кезекшілеріне өздерінің әріптес екендіктерін алға тартып босатып жіберулерін сұрайды. Әрі автокөлікті ұрлау немесе тонау үшін емес, жәй әншейін қызық көріп сейілдеп қайту үшін айдап кеткендерін айтып ақталады. Бұл жерде біз қылмыс жасадық деп есептемейміз. Бар айыбымыз – әуесқойлық сезімнің жетегінде кетіп қалғанымыз. Міне, автокөлікті өздеріңіз көріп тұрсыздар. Мұрты да бұзылған жоқ деп ақталды төртеу.

Алайда олардың бұл уәждері назарға алынбай, әріптестердің талап-тілектері ескерілмей патрульдіктер көлік салонында отырғандардың қолдарына кісен салып полиция бөлімшесіне алып кетеді. Қазіргі күні Ақтөбе облыстық полиция департаменті меншікті қауіпсіздік басқармасы аталған дерек бойынша тиісті тексерулер жүргізуде. Сондай-ақ аталған департаменттегі баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша автокөлікті айдап кеткендерге ҚР Қылмыстық кодексінің «Тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілуде. Мәселенің анық-қанығы осы тексерулердің нәтижелері бойынша анықталмақ. Қазіргі кезде автомобильды қымқырып «Сейіл» құрғысы келгендердің төртеуі де қызметтерінен босатылды.

 

Ақтөбе