Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2019

«Өрлеуде» конкурс жеңімпаздары марапатталды

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру аясында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» 2018 жылдан бастап мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, жоғары білім ұйымдары үшін 22 номинация бойынша бейне-сабақтар мен бейне-дәрістердің «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсын жыл сайын өткізіп келеді. Биылғы жылы конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау салтанаты Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, 11 желтоқсанда «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында өтті, деп хабарлады институттың Баспасөз қызметінен.

«Өрлеуде» конкурс жеңімпаздары марапатталды

Институт қабырғасында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрайымы Г.К. Ахметова, филиал директорлары, білім және ғылым саласының көрнекті қайраткерлері, жергілікті әкімшілік өкілдерінің қатысуымен өткен шарада бірінші орын иеленген жүлдегерлер мен 2,3-орын иеленген шығысқазақстандық жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау салтанаты YouTube-тегі «Өрлеу Білім каналы» бойынша көрсетілді. Конкурстың Республикалық кезеңіне өткен мұғалімдерге «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрайымының «Алғыс хаты» берілді.

Бірыңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау және насихаттау, педагогтердің ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыруды көздейтін конкурсқа Қазақстанның 1980 мұғалімі қатысты. Осынау дүбірлі сайысқа Алматы қаласынан 70-ке тарта ұстаз өз жұмысын ұсынған болатын. Кәсіби біліктілігі мен шеберлігі сынға түскен аламан бәйгеде Алматы қаласынан шыққан 5 жеңімпаз қатарында 1-орынды Лариса Тяпухина, «География/жаратылыстану мұғалімі»,  №144 мектеп-гимназия, 2-орын – Әсем Дүйсенбаева, Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі, 3-орын – Гүлнұр Алмабаева, №174 мектеп-гимназия, 3-орын – Гульбанум Исламова, Айгүл Кеншімбаева, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ Авиациялық колледжі, 3 орын – Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы Қайсар Нұрлыбаев бар. Шараға қатысқан ұстаздар еліміздің білім беру саласында осындай ауқымды конкурстық жобаның кеңінен қанат жаюы туралы ұсыныстарын білдірді.