Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2019

Бұл шара – біздің Тәуелсіздік күніне тартуымыз

45 рет көрсетілді

Бұл күндері көптеген қазақстандық жанкүйер 16 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында өтетін кәсіпқой бокс кешін тағатсыздана күтуде. Себебі, осы жарыста екі бірдей алтын белбеу сарапқа салынады. АҚШ-тың әйгілі ESPN телеарнасы арқылы бұл бәсекелер төрткүл дүниенің 60-тан аса мемлекетінде тікелей эфирден көрсетіледі. Жарыс қарсаңында біз айтулы спорттық шараны ұйымдастырушысы - «MTK Global Kazakhstan» компаниясының басшысы Асқар Салықбаевпен сұхбаттасқан едік.

–Тәуелсіздік күні қарсаңында біз қазақстандық жанкүйерлерге тамаша сый жасауды құп көрдік, деп бастады өз әңгімесін Асқар Салықбаев.  

–Біздің елде боксқа деген қызығушылық пен құрмет ерекше және де осы спорт түрін серік еткен өрендеріміз толағай табыстарға қол жеткізгеніне күллі әлем жұртшылығы куә. Сол жеңіспен өрілген тамаша дәстүрді жалғастыру – біздің міндетіміз. Кәсіпқой рингті жағалап жүрген жалынды жастарға жол ашу мақсатында Алматыда үлкен бокс кешін ұйымдастырып отырмыз. Сол себепті де 16 желтоқсанда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына келіңіздер. Барлығымыз бірігіп, өз жерлестерімізге барынша қолдау көрсетейік. Ал айтулы шараны сіздер ең қасиетті әрі қастерлі мереке – Тәуелсіздік күніне орай біздің жаңадан ғана құрылған компаниямыздың қазақстандық көрермендерге жасаған тартуы деп қабылдаңыздар. 

–Сіз басқарып отырған компанияның құрылғанына әлі бір жылға да жеткен жоқ. Десек те сол қысқа ғана мерзім аралығында біраз ауқымды шаралар өткізіп үлгерген екенсіздер...

–Биылғы жылдың жазында Нұр-Сұлтанда қала күніне орай америкалық Top Rank және британиялық MTK Global промоутерлік компанияларымен бірге керемет бокс кешін өткіздік. Бұл жарысты да америкалық ESPN+ телеарнасы көрсетті. Сондай-ақ iFL TV ютуб жобасы да арқылы бұл бәсекелер әлемнің бас­қа да аймағына кеңінен таратылды. Осының барлығы Қазақстанның кәсіпқой боксының шартарапқа таралуына оң ықпал етті. Бірқатар былғары қолғап шеберлеріміздің өз жекпе-жектерін шет мемлекеттерде өткізуіне қолайлы жағдай жасадық. Деңгейі жоғары сол дүбірлі додаларға қатысу арқылы отандастарымыз әлемдік рейтингтегі жағдайларын біршама жақсартты.

–Қазір командаларыңызда қанша боксшы бар? Бапкерлер құрамы қандай? Жуан жұдырықты жігіттердің еш алаңсыз жаттығуына қолайлы жағдайдың жасалып отыр ма?

–Командамыздың құрамында сайдың тасындай 12 боксшы бар. Олардың барлығының да жолына біз үлкен үмітпен қарап отырмыз. Келешекте арамыздан ең белді нұсқалардың алтын белбеуі үшін таласуға қарым-қабілеті жететін саңлақтардың шығатынына еш күмәнім жоқ. Ал бапкерлер құрамына келетін болсақ, Сағатбек Мұсаханов, Қанат Әлтаев, Дастан Сәдуақасов сынды білікті мамандарға арқа сүйеп отырмыз. Алматыдағы әл-Фараби көшесінің бойында замануя талаптарына сай жабдықталған жақсы спорт залымыз бар. Біз бүгінгі таңда өз жігіттеріміздің еш алаңсыз жаттығып, өзге елдерде өтетін ірі жарыстарға қатысуына барынша жағдай жасап отырмыз.

– Тәуелсіздік күніне орай Алматыда өтетін бокс кеші жайында толығырақ мәлімет берсеңіз?

–Алматыда өтетін жарыста екі бірдей алтын белбеу сарапқа салынады. Атап айтсақ, әлі ешкімнен жеңілмеген жеңіл салмақтағы қазақстандық Виктор Коточигов өзіне тиесілі WBC International нұсқасының чемпиондық тәжін қорғап қалу үшін Аргентинаның азулы боксшысы Хавьер Хосе Клаверомен күш сынасады. Ал Сұлтан Зәуірбек WBC Youth World Champion (жастар) нұсқасының алтын белбеуі үшін таласады. Айтулы жарыста Мирасәлі Сәрсенов, Ескендір Харсан, Рай Сейітжанов, Абай Төлеш, Елшат Нығметолла, Нұртас Әжбенов және Нұрдос Төлебай сынды отандық былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға шығады. Олардан бөлек, Нигерия, Өзбекстан, Ресей, Филиппин, Таиланд, Грузия және Әзірбайжаннан келген деңгейі жоғары боксшылар өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Алатау баурайында айқасатындар арасында Өзбекстанның мақтанышы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Фазлиддин Гаибназаров та бар.

–Біздің жігіттерді алдағы уақытта тағы қандай дүбірлі додалар күтіп тұр?

–Келесі жылы өз елімізде және шет мемлекеттерде бірнеше дүбірлі дода ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Уақыты келгенде ол жайында 100 жылдық тарихы бар ел газеті – «Егемен Қазақстанға» еш бірінші болып ақпарат беруге дайынбыз. 

–Осы спорт түрін серік еткен көптеген дарынды жастарымыздың шетелге кетіп жатқаны жасырын емес. Олардың алды – АҚШ пен Канада, Германия мен Ұлыбританиядан бақ сынап жүр. Бәзбіреулер Ресей мен Беларусь елінде нәпақасын табуда. Осы орайда көпшілік Қазақстанда жатығып жүріп кәсіпқой бокстың шыңырау шыңына жету мүмкін емес деген уәж айтуда. Ал сіздің пікріңіз қандай?

–Күні бүгінге дейін Қазақстанда кәсіпқой боксты дамыту стратегиясы дұрыс жолға қойылмай келді. Қалыптасқан жүйе де болмады. Оны біз мойындаймыз. Сол себепті де көпшіліктің пікірі жоғарыдағыдай болды. Қазіргі кезде сол олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстанның нарығына енді ғана енген «MTK Global Kazakhstan» компаниясы тарапынан  көптеген жұмыс істеліп, қыруар шаруа атқарылуда. Біздің басты мақсатымыз – жалындап тұрған жастардың үлкен ареналарға шығуына даңғыл жол ашу, отандық кәсіпқой боксты өркендетуге барынша күш салу. Дарынды және қарымды жігіттер елімізде өте көп. Оған ешкімнің күмәні болмауға тиіс. Дәп қазір біздің алдымызда сол жастарды шоқтығы биік жұлдыздарға айналдырып, оларды Геннадий Головкиннің деңгейіне жеткізу міндеті тұр. Ол үшін шекара асудың еш қажеті жоқ жоқ. Қазақстанда жүріп-ақ, көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз. Оған мен де, менің командам да кәміл сенеді.

 

–  Әңгімеңізге рақмет!

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар