Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2019

Маңғыстаулық еріктілер әлеуметтік көмектер көрсетуде

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтаулық ерікті жастар бастаған игі жобалар көптің кәдесіне жарады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Әсіресе биылғы жастар жылында жүзеге асырған «Көмекші ұстаз», «Көмекші дәрігер» мен «Қыз жолы» атты бастамалары халықтың алғысына бөленді. Волонтерлер жалғызбасты зейнеткерлердің үйінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, көп балалы отбасыдан шыққан оқушылардың сабақ үлгерімін арттыруға қол ұшын созып жүр. Қажетінше қариялардың үйін жинап, апта сайын азық-түлікпен де қамтып келеді.

Маңғыстаулық еріктілер әлеуметтік көмектер көрсетуде

«2017 жылдан бері «Жүрегі толы мейірім» жобасы аясында облысымыздағы жалғызбасты ата-әжелеріміздің үйін жинастырып берудеміз. Батасын аламыз және де халықаралық қарттар күні сыйлықтарымызды беріп, бір қуантамыз. Аздаған азық-түлік болсын, киім-кешектер болсын соларды жинап, жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек те көрсетеміз», дейді еріктілер корпусының үйлестірушісі Өнер Құлшағаев.

Еріктілер корпусы құрылғалы бері екі жылдан асыпты. Бүгінге дейін үш жүзге тарта студент мүшелікке қабылданған. Олар сабақтан бос кезде жастар орталығында бас қосады. Тегін трениг-дәрістерге қатысып, көшбасшылық қабілетін ұштайды. Барлығы корпус жетекшісі көтерген игі бастамаларға белсене қатысып жүр.

Бүгінде 81 жалғызбасты азаматқа көмек көрсетілген. Аптасына екі рет балалар барып, үйін жинайды. Және осы уақытқа дейін 162 отбасыға әлеуметтік көмек берілген. Бастамашыл жастар «Көмекші ұстаз» және «Көмекші дәрігер» жобаларын өткен наурыздан бері жүзеге асырып келеді. Халықты әлеуметтік қорғау  мекемесінен ақпарат алынып, тізім жасалған. Сол бойынша еріктілер мекенжай аралап, қажет көмек түрін көрсетеді. Сондай-ақ тұрмыста зорлық көргендерге арналған орталық тұрғындарына қаржы жинап, жәрдемдесіп жүр.