Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2019

Гаэтанно Доницеттидің «Дон Паскуале» операсын бірінші алматылық журналистер тамашалады

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында премъерасы басталатын Гаэтанно Доницеттидің «Дон Паскуале» опералық қойылымын бірінші болып  БАҚ өкілдері тамашалады.

Гаэтанно Доницеттидің «Дон Паскуале» операсын бірінші алматылық журналистер тамашалады

Алдымен баспасөз мәслихаты өтіп, әлемнің 150 мемлекетінде қойылған әйгілі операның оралуына байланысты шығармашылық топ  журналистерге сұхбат берді.

Жабық көрсетілім алдында Абай атындағы  ҚМАОБТ директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ая Қалиева, қоюшы-режиссер, костюмдер бойынша суретші Маттео Маццоне (Италия), Абай атындағы ҚМАОБТ бас дирижері Қанат Омаров, Абай атындағы ҚМАОБТ опера труппасының жетекші солисі  (бас) Таир Тәжі, Абай атындағы ҚМАОБТ опера труппасының жетекші солисі  (бас) Ілияс Артығалиев, Абай атындағы ҚМАОБТ опера труппасының жетекшісі Ұлан Кенжебеков қатысып, жаңа қойылым туралы жан-жақты әңгімеледі.        

– Үш ғасырға кезегімен ауысып отыратын уақытқа саяхат идеясын біз костюмдердің дизайнерлік шешімдерінде, әртүрлі дәуірдің сәніне сәйкес материалдар мен өрнектері арқылы жүзеге асырамыз. Мұның бәрі «Дон Паскуале» операсының ажарын ашып, әсерін жандандырады, – дейді  қоюшы-режиссер, костюмдер бойынша суретші Маттео Маццоне.

Осы арада түсінікті болуы үшін айта кетелік, «Дон Паскуале» операсы қазақ сахнасына 1955 жылы шығып, 2 жылдан кейін репертуардан түсіп қалған.

Ал бүгінгі көрермен бірінші рет театрдың тарихында спектакльдің бутафорлық шешімдеріне ризашылықпен таңданатын болады. Сахнада алғаш рет зәулім-үй тұрғызылып, қойылымның барлық әрекеттері сән-салтанаты келіскен үйде өрбиді. Операның басты кейіпкері Дон Паскуале ХХ ғасырдағы 50 жылдардың рухын  сездіру үшін сахнаға VESPA мопедімен шыққанын да көреміз.

Бұл опера ешқашан өзектілігін жоймайтын қу дүние, ақша, байлық, әйел азаттығы  жайында болмақ. Түбінде арманы мен махаббатына қатар қол жеткізетін Норинаның рөлін сопранолар Зарина Алтынбаева мен Анастасия Кожухаровалар орындайды.

Операның өне бойында көрермендер Норинаның сәт сайын күшейіп, уақыт өткен сайын қуат алып, ғасырлармен бірге өзгергеніне куә болмақ.

Операда «бельканто» деген термин бар. Мұны біздің дәстүрлі әншілердің тілімен айтқанда нәшіне келтіріп орындау, яки  даусың жетсе орындайсың.

«Дон Паскуале» біздің Абай атындағы опера және балет театры әншілерінің шамасын сынайтын спектакль болғалы тұр.