Қоғам • 13 Желтоқсан, 2019

Тәуелсіздік мерекесінде мерейі тасыды

505 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларының белгілі қайраткерлеріне, өндірістік сала өкілдеріне мемлекеттік наградаларды және әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық иелеріне дипломдар мен төсбелгілерді салтанатты жағдайда тапсырды.

Тәуелсіздік мерекесінде мерейі тасыды

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев сөз басында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жыл сайын Қазақстанның жарқын болашағы жолында қажырлы еңбегімен қалтқысыз еңбек етіп жатқан асыл азаматтарымызды мәртебелі мемлекеттік наградалармен марапаттау игілікті дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы мен мағынасы да айрықша. Қазақ деген халықтың сан ғасырға жалғасқан және бүгінде іске асқан арманы. Дербес мемлекет құру – халқымыздың байырқалы бостандыққа, егемен елдікке, азат рухқа деген арпалысының нақты жемісі. Тәуеліздікті орнықтыруда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор күш-жігері, терең ақыл-парасаты, сындарлы, салмақты саясаты және барлық қазақстандықтың бірлігі мен жасампаз еңбегі айрықша рөл атқарған. Бүгінгі таңда Тәуелсіздікті нығайтудағы тарихи жолды жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның таяу жылдардағы қарқынды даму бағыттарын белгілеп, аталған міндеттері шешудің нақты жолдарын көрсетіп берді. Біздің мақсат – осы келелі міндеттерді бәріміз жұмылған жұдырықтай бірге жүзеге асырып, Тәуелсіздігімізді жаңа белеске көтеру, Тәуелсіздігімізді баянды ету. Бұл орайда сіздер әр саладағы еңбектеріңізбен мемлекеттіліктің іргесін бекемдеуге, еліміздің әлеуметтік-экономикалық қоғамдық-саяси және мәдени-рухани дамуына, салиқалы ұлт, саламатты ұрпақ қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосып жүрсіздер. Сондықтан Мемлекет басшысының Жарлығымен сіздер Тәуелсіз еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларымен марапатталдыңыздар, – деді Қырымбек Көшербаев.

Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы бірқатар азаматқа ІІ, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын, «Парасат» орденін, ІІ дәрежелі «Достық» орденін, «Құрмет» орденін, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін тапсырды. Сондай-ақ бір топ ғалым әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы мемлекеттік сыйлығын иеленді. Бұған қоса «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын кеудесіне тағып және Президенттің алғыс хатын алып мерейі тасығандар бар.