Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова, ҚХА мүшелері, Ғылыми-сарапшылық кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА аймақтық ғылыми-сарапшылық топтары мен кафедралары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Биыл елімізде маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар мен процестер болды. Наурыз айында Елбасы өзінің Президент өкілеттігін тоқтатып, маусым айында кезектен тыс президенттік сайлау өтті, жаңа Президент сайланды. Қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында бірқатар жаңа міндеттер айқындалды. Ассамблея және Ғылыми-сарапшылық кеңес осы процестерді халыққа түсіндіру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, – деді Ж.Түймебаев.
Отырыс барысында Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық бағыты бойынша тапсырмалардың орындалу барысы, Орталық Азиядағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жұмыс нәтижесі, сондай-ақ «Қазақстандағы этностар: ел дамуына қосқан үлесі» жобасының жүзеге асуы және жалпы зерттелуі бойынша жұмыс жоспарының орындалу барысы талқыланды.
– Жыл көлемінде түрлі зерттеулер жүргізіліп, жоғары оқу орындарында, халықаралық сарапшылық ортада ауқымды жұмыс атқарылған еді. Бүгінгі отырыс Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің 2019 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылауға бағытталды. Оған Қазақстан аймақтарынан елуден астам сарапшы мен ғалым қатысып отыр, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы Айгүл Сәдуақасова.
Іс-шара соңында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің моделіне арналған үздік ғылыми жоба сайысының жеңімпаздары марапатталды.