Руханият • 13 Желтоқсан, 2019

Сүйіспеншіліктің анасы – ықылас

486 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сүйіспеншілік күллі жараты­лыс атаулының – себепкері. Өйт­кені, Алла адамды Абай атамыз айт­­­қандай сүйіспеншілікпен жарат­қан. Сондықтан да сүйіспеншілік ұяла­ған қоғам, отбасы тыныштық пен берекенің бастауы. «Отбасы не­месе шаңырақ сүйіспеншілікке толы болса – ізгіліктің көркем са­рай­ларының бірі, ал берекесіз болса – азаптың терең шұңқырларының бірі» деп, жазады мысырлық танымал оқымысты Ата әс-Сынбати.

Сүйіспеншіліктің анасы – ықылас

Демек, шаңырақты ізгілік сарайына айналдыратын амал, ол – от­ба­сылық сүйіспеншілік. Ал, азап шұң­қырына түсіртетін іс, ол – отбасы мү­­шелері бірін-бірі жеккөрушілік. Сүйіс­­пеншіліктің отына жылынып өскен ұрпақ өмірде мейірімді, қа­йы­рым­ды, сыпайы, шынайы болады. Сол себепті, сүйіспеншілік дегеніміз – тек отбасының ғана емес, әулеттің, тұқым-жұрағаттың мұраты. Ондай әулет жүз­деген жылдар өтсе де құрымайды, өсіп-өркендейді, тәлімді-тәртіпті бала-ша­ға өсіреді. Ол балалар ұлыстың тірегіне айналады.

Егер әулетім өссін, тұқымым құ­рымасын, шаңырағым шірімесін десеңіз – үй ішіңізде сүйіспеншілік орнатыңыз. Отбасындағы сүйіспен­шілік шартсыз болуы керек. «Осылай істесең сені сүйемін, өйтпесең сүй­меймін» деу шартты сүйіспеншілік белгісі. Бұл баянды, берекелі болмайды. Ықыласқа емес, есепке құрыл­ған­дықтан бір күні бір жерден жарылады. Өйткені адамның болмыс-бітімі мен жаратылысында тағдырдың үле­сі бар. Ал тағдырдың иесі – Алла. Ақылды адам өз тағдырының болмысын бағалай отырып, кейбір келеңсіз оқиғаға тап келсе, оған көне отырып, сабырлықпен сүйіспеншілік танытуы керек. Қасиетті кітапта: «Ра­сында, жақ­сы көргендеріңді дұрыс жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа оны тура жолға салады» дейтін ашық мағыналы аят бар. Осы аятқа тәпсір жасаған ғалымдар біреуді жақсы көру үшін одан тек жақсылық талап ету дұрыс емес екенін айтады.

Ал ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншіліктің белгісін, араларын­да қызғаныш бар ма, жоқ па, содан бай­қауға болады. Бірақ та надан қыз­ғаныштан сүйіспеншілік із­деуге болмайды. Қызғаныш шектен шықса, жиіркенішке ұласады. Кейде сүйіспеншіліктің өзі қызғанышқа ұласып кететін жағдайлар бар. Ондай жағдай – сүйіспеншіліктің отын өшіреді. Сондықтан сақ болу керек. Қызғаныштың ең жаманы – сүйген нәрсесін жақсылық жолынан қызғану. Ондай жағдайда сол қызғанған нәрсесі пенденің өз басына пәле боп жабысады. Одан құтыла алмай әлекке түседі.

Сүйіспеншіліктің құны – шынайы ықылас. Ықылассыз жасалған әрбір амал қабыл емес. Пайғамбарымыздан жеткен «Амалдың қабыл болуы – ықыласқа байланысты» деген өсиетті, ғұламалар бірауыздан «өсиеттердің атасы» деп баға берген.

Демек, сүйіспеншіліктің анасы – ықы­­лас. Ықылас та ынта болмаса, сүйіспеншілік толық емес. Ол жылт етпе, әңгүдік сүйіспеншілікке ұла­сады. Жарыңа «сені сүйемін» деп қойып, ықылас-ынта танытпасаңыз, ол адам – сүйіспеншіліктің құнын білмейтін, оны төлеуден бас тартқан пенде болғаны. Құнсыз сүйіспеншілік – көлденең табысқа жатады.

Егер сүйіспеншілік көрсоқырлыққа жетелейтін болса, ол – жай құмарлық. Мұндай жұптардың сүйіспеншілігі бір-бірін танығанға дейін немесе кез­дескенге дейін ғана жалғасады. Өйт­кені мұндай сүйіспеншілікте тамыр болмайды.

Отбасылық қарым-қатынасы сүйіс­пеншілікке құрылмаған шаңырақ – тек отағасының айғайымен амалсыз өмір сүріп жүреді де отағасының беделі әлсіреген немесе ол дүниеден өткен жағдайда быт-шыт боп тарап кетеді.

Осындай диктаторлық шаңырақта өскен баланың рухы езіліп-жаншылып, санасы залымдыққа бейімделеді. Мү­ләйім, пасық болып өседі. Мұса келмей тұрғанда, перғауынның қол астындағы Исрайл ұрпақтарының жағдайы осындай еді. Осы бір тұлабойына құл­дық үрей сіңген адамдарды Мұса жа­рық­тық 40 жыл бойы (кейбір дерек­тер­де 60 жыл) қу мекиен далада ертіп жү­ріп, құлдықтың қара таңбасы сүйе­гі­не сіңген ұрпақ алмасқанша (өліп тау­сылғанша) тәрбиеледі.

Жалпы алғанда отбасы мүшелеріне еркіндік сүйіспеншілік арқылы бе­ріледі. Өйткені сүйспеншілік арқылы берілетін бұл нығымет – отбасылық бірлік-берекені арттыра түседі. Осы­лай қоғамда ерікті еркін тұлғалар пай­да болады. Ерікті тұлғалар – ерік­­ті қоғамды түзейді. Қоғамда бір-бірін сүйіп, сүйіспеншілікпен отау құ­ра­тындар көбейеді. Сөйтіп елдің, мем­лекеттің іргетасы бекиді. Біздің айтып жүр­ген зайырлы қоғам дегеніміз осы.