Конференцияға Алматы, Семей, Атырау, Ресейдің Орынбор қалаларынан ғалымдар қатысты. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, басқа да жергілікті жоғары және арнаулы оқу орындары оқытушылары мен ғалымдары мәліметі мол баяндама дайындады. Жаһанша туып-өсіп, Алашорданың Күнбатыс қанаты ту тіккен Жымпиты мен Қаратөбе өңірінен музей қызметкерлері арнайы келді. Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының фойесінде конференция тақырыбына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
- Бүгін 12 желтоқсан – ерекше күн. Осыдан 102 жыл бұрын Орынбор қаласында ІІ жалпықазақ сиезінің соңғы күні болды. Қазір кейбір тарихшыларымыз 13-желтоқсанды – Алаш күні деп атап жүр. Түбінде осы күн үкімет қаулысымен «Алаш күні» аталатынына сенемін. Бүгінгі болып жатқан ғылыми конференция сияқты жиындар, Алаш арыстарын еске алу шаралары Қазақстанның барлық өңірінде өтіп жатыр, - деді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Берекет Кәрібаев.
Конференцияны құттықтау сөзімен ашқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев та өткен ғасыр басындағы зиялылар қозғалысы мен бүгінгі тәуелсіздік арасындағы берік байланыс туралы айтып өтті.
- Қазақ халқының саяси санасын қалыптастыруда ең биік белес болған ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ зиялыларының саяси қызметімен, ұлттық көзқарастарымен, ғылыми және әдеби мұраларымен танысып білу бүгінгі ұрпақ үшін, әсіресе жастар үшін өте маңызды. Алаштың аспанына жарық жұлдыз болып жанған сол Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлдары, Мағжан Жұмабайұлы қазақ елінің тәуелсіздігіне имандай сенді, сол жолда қолынан келетін істің бәрін жасады. Олардың білім-білігі, жанқиярлық еңбегі, патриоттығы бізге мәңгі үлгі. Біз ол буынды ұмытпауымыз керек. Бүгінгі жиынның республика тәуелсіздігі қарсаңында өтуі тегін емес, - деді Серік Рахметоллаұлы кіріспе сөзінде.
Осы конференцияны жоғары дәрежеде ұйымдастырушылардың бірі, Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледж директоры Светлана Бақышева - ел тарихында азаттық үшін, тәуелсіздік үшін күрестегі ұлт зиялыларының ролін жастарға жеткізу, тағзым ету қажеттігін сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп жүрген ұстаздардың бірі. Жақында ғана колледж оқытушылары мен студенттерінен құралған экспедиция Светлана Меңдіғалиқызының жетекшілігімен «Жаһанша ізімен» атты дәстүрлі сапарға шығып, Орынбор қаласына барып қайтқан еді. Орынбордағы Алаш тарихына қатысты ғимараттарды көзімен көріп келген жастардың ой-толғанысы арнайы жолсапар-фильмде әсерлі баяндалған. Колледжде Алаш арыстарына қарап бой түзеу мақтанышқа айналғандай. Қоғамдық жұмыста белсенді, оқуда озат шәкірттеріне оқу орны басшылығы да ерекше қолдау көрсетеді. Мұндай студенттер былтырдан бастап Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы атаулы шәкіртақыға ие болады. Конференция аясында колледждің музыкалық білім беру мамандығының студенті, 2019 жылғы халықаралық студент жастар арасындағы ХХІ ғасыр көшбасшысы атағының иегері Айдар Айтбай, дене тәрбиесі және спорт мамандығының 4 курс студенті Ерқанат Амандық, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығының 2 курс студенті Береке Орынбасар, бастауыш білім беру мұғалімі мамандығының 2 курс студенті Ермахан Орынбасаров, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығының 4 курс студенті Бибізада Сайынова, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығының 4 курс студенті Әлима Иманбаева, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығының 2 курс студенті Ақтілек Әлібекұлы сынды үздік студенттерге биылғы стипендия салтанатты жағдайда табыс етілді. Айта кетейік, атаулы стипендия қаржысын жергілікті кәсіпкерлер көтеріп алған. Колледж басшысы осы акцияға демеушілік көрсеткен ақсайлық Болат Сәрсеновке, оралдық кәсіпкерлер Борис Лаврентьев, Бағдат Өтеғұлова, Айнұр Сұлтановаларға алғыс айтты.
Конференция аясында тарих ғылымдарының докторы, академик Тұяқбай Рысбеков мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Исаев туралы ой тербесе, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Берекет Кәрібаев М.Тынышпаевтың ортағасырлық Қазақстан тарихының негізін салған еңбегін баяндады. Дәл осы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Шолпан Забих Жаһанша Досмұхамедұлының құқықтануға қатысты көзқарастарын талдаса, Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының прокуроры, тарих ғылымдарының кандидаты Равиль Мәжитов «Ж.Досмұхамедұлы және Алаш ұлттық автономиясының концепциясы» тақырыбына тағылымды әңгіме өрбітті. Германиядағы Бонн университетінің профессоры, қандасымыз Нұрлан Кенжеахметтің Мұстафа Шоқай және басқа ұлт зиялыларының азаттық үшін күресі туралы баяндамасы телеэкран арқылы берілсе де өте тартымды болды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ресей Федерациясындағы филиалы жетекшісі, Орынбор қаласындағы «Достық үйі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сәуле Тәйкешева ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ зиялыларының Орынбор өлкесіндегі ағартушылық рөлі туралы айтқан сөздері конференцияның мән-мазмұнымен ұласып жатты. Жалпы, Сәуле Совхозқызының бір кездері қазақ автономиясының астанасы болған Орынбор қаласының тарихын түгендеуге қосқан үлесі өте үлкен екенін айта кетейік. Келер жылы Орынбор қаласының Қазақ АССР-інің астанасы болғанына 100 толуы қарсаңында мұндай бастамашыл жандарға Қазақстан тарапынан қолдау керектігі сөзсіз.
ЖаҺанша оқулары түстен кейін қос оқу орнындағы секциялық мәжілісте жалғасты. Бұл жиындарға жалпы саны 500-ден астам адам қатысты.
Асылында мұндай жиындардың нәтижесі жас ұрпақтың жан-дүниесіне, санасына қалдырған әсерімен өлшенсе керек. Тарихшы Берекет Кәрібаев өз сөзінде орыстың атақты ғалымы М.Ломоносовтың: «Ұлттық сананы оятып, оны дамытуда тарихтың атқаратын рөлін ешбір қоғамдық ғылым атқара алмайды. Сондықтан да әр ұлт балалары өз тарихын өз тілінде оқып үйренуі керек!» деген қанатты сөзін келтірген болатын. «Жаһанша оқулары» аясында өткен конференция үстінде осы жиыннан әсер алған Жаһанша колледжінің студенті Ақтілек Әлібекұлының мына бір өлеңін толық беруді жөн көрдік:
Арманым бар – үлкендерден бата алсам,
Сол батадан өшпейтұғын от алсам!
Мен ұлы өлең сыйлайыншы еліме
Бізге арнап сый берді ғой Жаһаншам.
Жастар жылы – біздің жыл ғой бұл енді,
Өр екпінмен өркендетші өлеңді.
Сырымдардан саналы ұрпақ қалғанын
Дәлелдейік дүр сілкінтіп әлемді!
Жастық – жалын, жүрек барад өртеніп,
Сол жалынмен басқалар күй шертеді, ұқ.
Кеше қанын төгіп кетті боздақтар –
Сол еңбекті қайтарайық тер төгіп!
Замандастар, рухтастар, жолдастар,
Ағалар бар бізді ертіп жол бастар.
«Оян, қазақ!» деп кеткен нар ерлердің
Оятайық армандарын, ал, жастар!
Біле білсең бұл ғаламда жалған көп,
Ұмтылайық бәрін Құдай оңдар деп.
Рухты ерлердің ұрпағы отыр, мінеки,
Шүкір, үміт, яки сенім солған жоқ.
Біз солардың тырнағына татысақ,
Сосын ізін жалғастырсақ арман жоқ!
Өлең керек, өмір керек, жыр керек,
Сырттан келіп жатыр дейсің кім демеп.
Ұлтқа қызмет етейікші, жастарым,
Мінез керек ол үшін де тым бөлек!
Біз болмасақ түсінер ел жайын кім?
Ел бастауға бола білсін сай үлгің.
Ақтайықшы Алаш сенген сенімді.
Қазақ үшін мен бәріне дайынмын!
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ
Батыс Қазақстан