Қоғам • 13 Желтоқсан, 2019

Қазақ этнографиялық мектебі тақырыбында І халықаралық конференциясы өтті

832 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақ этнография мектебі», «Алғашқылар» топтамасы. 1-ші конференция: Марат Мұқанов» тақырыбында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында БҒМ Ғылым комитетінің қолдауымен өткен халықаралық конференция  қазақтың көрнекті ғалым-этнографы, тарих ғылымдарының докторы М.С. Мұқановтың 90 жылға толуына арналды. Ғылыми конференцияны Тарих және этнология институтының  директоры, т.ғ.д., профессор Зиябек  Қабылдинов ашып, шараның маңыздылығына тоқталды.

Қазақ этнографиялық мектебі тақырыбында І халықаралық конференциясы өтті

Қазақстанның этнография ғылымының тарихына және отандық этнологияның өзекті мәселелеріне арналған халықаралық конференциялар топтамасы ХХ ғасырдың ІІ жартысында қалыптасқан қазақ этнографиялық мектебіне, Қазақстанның ғылыми этнографиялық ғылымын дамытудағы жетекші ғалымдардың рөліне басты назар аударуды мақсат етеді. Ғалымдар басқосуы бұл шараны Тарих және этнология институтының академиялық этнография-этнология бөлімінде көп жылдар еңбек ғалымның  өмірі мен қызметіне арнай отырып, Қазақстан мен шекаралас мемлекеттердің этнография ғылымының негізгі тарихи мәселелерін, қазіргі кезеңдегі дамуын, атақты этнолог-ғалымдардың өмірі мен қызметін талқылау бағыт етіп ұстанды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мамандарымен бірге, конференцияға Ресей, Гүржістан, Қырғызстан, Моңғолия, Украина ҒЗИ, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Пленарлық және секциялық отырыстарда конференцияға қатысушылар ХХ ғасырдың 2-жартысындағы қазақ этнографиялық мектебі: даму кезеңдері, бағыттары, жетістіктері, ғылыми нәтижелерді жариялау мәселесі, Қазақ этнографиялық мектебін жасаушылар: ұжым және тұлға,     Қазақстан этнография ғылымының тарихы, Марат Мұқановтың шығармашылық мұрасы мен ғылыми-мәдени маңызы, далалық этнографиялық және этноархеологиялық зерттеулер әдістемесі,  Қазақстанның қазіргі күнгі этнологиясының өзекті мәселелері, Қазақстандағы этносоциология мен этнодемографиясы туралы түйткілді мәселелерді талқылады.  Ғалымдар сонымен қатар күні бүгін толғағы жеткен Ғылыми орталық - Этнология институтын ашу әрі құрылымдық-ұйымдастырушылық дамуына қатысты маңызды мәселелерді де талқылады. Осы орайда «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында этнологиялық-этнографиялық зерттеулер жүргізу үшін республикада мамандырылған Этнология институтының құрылуының маңызды екендігі басты назарда болды.  

 

АЛМАТЫ