Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2019

Ақтауда тұрғын үй пайдалануға берілді

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Ақтау қаласындағы 20 шағын ауданда көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Маңғыстау облысы коммуникациялар қызметі хабарлады. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов қатысып, баспанасыз жүрген бір топ азаматқа жаңа пәтер кілттерін табыстады. Аймақ басшысы еліміздегі ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күні аясында үйлі болып жатқан жандарды жаңа қонысымен құттықтады.

Ақтауда тұрғын үй пайдалануға берілді

Жалдамалы баспана алғандардың қатарында мүмкіндігі шектеулі адамдар, көп балалы отбасылар және түрлі категориядағы адамдар бар. Республикалық бюджет қаражатына сатып алынған 268 пәтер тұрғындарға арендалық баспана беру ережесіне сәйкес, жекешелендіру құқығынсыз беріледі.   

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» керектігін басып айтқан болатын. Осы орайда Маңғыстау облысында қарқынды жұмыс атқарылып жатыр.  Ақтау қаласы - тұрғын үй құрылысы бойынша республикада көш бастап тұрған қалалардың қатарында. Мәселен, қалада 2017 жылы 380,3 (мың) шаршым метрді құрайтын, 51 көп қабатты тұрғын үй қолданысқа берілсе, 2018 жылы 661,5 (мың) шаршы метрді құрайтын, 61 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айында 448,4 мың шаршы метр, яғни 2849 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жеке қаражат есебінен биыл жыл соңына дейін тағы 72, 2 мың шаршы метр, қолданысқа беріледі деп күтілуде. 

Бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 19А шағын ауданында 144​ пәтерлік 2 тұрғын арендалық тұрғын үй, Аққу-3 шағын ауданынан 670 пәтерлік несиелік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлерді 2020 жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, 2020 жылы 19А шағынауданынан 225 пәтерлік бес тұрғын үй, 18 шағынауданнан 216 пәтерлік төрт тұрғын үй салынады деп күтілуде.

 

 

Маңғыстау облысы