Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2019

Алматы жастарына қала әкімі пәтер кілттерін табыс етті

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы жұмыс істеп жүрген жастарға пәтер кілтін табыс етті.

Алматы жастарына қала әкімі пәтер кілттерін табыс етті

Елбасының тапсырмасы бойынша «Жастар жылын» өткізу аясында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру бағдарламасы әзірленгені белгілі. Бұл бағдарлама 5 жылға жеңілдетілген бағамен жалға алуға және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға қаражат салуға мүмкіндік береді.

Алматы жастары үшін «Жастар жылы» табысқа толы жыл болды деуге негіз бар. Жүзеге асқан бірқатар әлеуметтік бағдарламалар қатарында қаладағы жұмыс істейтін жастар пәтерді жеңілдетілген бағада жалға алу мүмкіндігіне ие болды. Жалға алу шарты бойынша бір бөлмелі пәтерді ай сайын жалдау ақысы 4 380 теңгені құрайды. Ал жалға берілетін тұрғын үй алуға  Алматы қаласында тіркеуде кемінде 2 жыл тұрған, соңғы екі жыл мерзімде басында баспанасы жоқ 29 жасқа толмаған жастар тіркеле алады. Сонымен қатар ай сайынғы табысы кемінде 101 000 теңге және банкте жинақ шоты болуы шарт.

Қала әкімдігінің Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бірінші пул бойынша барлығы 1244 өтініш келіп түскен. Оның ішінде баллдық жүйеге сәйкес 249 үміткердің тізімі жасалды. Олардың қатарында көп балалы отбасылар, білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Бірінші пул бойынша Алатау ауданындағы Көкқайнар ықшамауданындағы 249 пәтерге өтінімдерді қабылдау 30 қазан мен 12 қараша аралығында өтті.

Ендігі кезекте жыл соңына дейін тағы 801 пәтерге конкурс жарияланады. Бағдарлама аясында 3 жыл ішінде 1 050 отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Осылайша, бір жылда 1050 жас отбасын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар, 2020 жылы қосымша «Алматы Жастары 3» қалалық бағдарламасы іске қосылады. Соның аясында 35 жасқа дейінгі 1000 жас отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өткен 2 жылда «Алматы Жастары» бағдарламасы аясында 238 жас отбасы 5 пайыздық мөлшерлемемен пәтер алатын болады.

 

АЛМАТЫ