Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2019

Замануи оқу залы Орталық мемлекеттік архивте ашылды

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық мемлекеттік архивтегі оқу залы жүз жылдық тарихы бар мұрағатпен қатар зерттеушілерге қызмет көрсетіп келеді.

Замануи оқу залы Орталық мемлекеттік архивте ашылды

Ғимараттың оқу залында Қазақстанның белгілі ғалымдары Әлкей Марғұлан, Ақжан  Машанов, Ермұқан Бекмаханов және тағы басқа да ғалымдар архив құжаттары негізінде қазақ елінің тарихын, геологиялық, археологиялық қазба байлықтарын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, дүниежүзілік, одақтық көлемде бірнеше монография жариялағаны белгілі. 

Биыл жаз айларында жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін мұрағат ішінің бөлмелері заманауи сипатқа еніп, қызметкерлер де кең тыныспен іске кірісіп кеткендей. Бүгінде отандық ғалымдармен қатар мемлекеттік Архив қызметіне АҚШ, Германия, Италия, Австрия, Ресей, Оңтүстік Корея және басқа елдерден келген зерттеушілердің де қызығушылығы зор.

Кітапхананың салтанатты ашылуында Орталық мемлекеттік архив директоры Арнұр Қарымсақов сөз сөйлеп, жаңа мүмкіндіктер жайын паш етсе, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов мұрағат басшылығы мен қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Абай даңғылы бойында орналасқан  Орталық мемлекеттік архиві мен Ұлттық кітапхана ғимаратының бір-біріне жақын орналасуы ендігі кезекте ғалымдарға уақытын үнемдеуге де мүмкіндік береді. Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Ажар Хамитқызы кітапхананың заманауи сипатта безендірілуі зерттеушілерге ізденіске ғана емес, сергектік жағдайларына да мүмкіндіктер қарастырылып отырғандығымен ерекшеленеді деп атап өтті.

Оқу залының жетекшісі Айгүл Шалабаеваның айтуынша, бұл басылымдар осы Архивтен табылған әрі зерттеушілер ізденісі негізінде жарыққа көрген зерттеулер. Жаңа пішін, жаңа үлгіде ашылған оқу залына қазіргі кезде үш жүзге жуық басылым жинақталды. 

 

АЛМАТЫ