Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2019

Бақытжан Сағынтаев: «Жастар неге Алматыда тұрғанды жақсы көреді?!»

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы  – әлмисақтан армандар қаласы, жастар шаһары екендігі әркімге де аян. Өйткені мегаполисте өмірлік мақсаттарға жол ашатын білім ордалары мен мәдени ошақтар да жеткілікті екендігі түсінікті.

Бақытжан Сағынтаев: «Жастар неге Алматыда тұрғанды жақсы көреді?!»

Сонымен, жастар неге Алматыны жақсы көретіндігі, неге осы қалада тұрғысы келетіндігі жайлы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс істейтін жастарға пәтер кілттерін тапсырып тұрып былай деді: «Алматы – барлық салада жоғары білімді жастардың қаласы. Қаламызда орналасқан 39 университетте 170 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Бұл студенттердің қатарында басқа облыстардан да келгендер бар. Олардың көпшілігі университет бітіргенннен кейін елдеріне қайтпайды, осында қалады. Жастардың 5 жыл оқыған қалада неге тұрақтап қалғысы келетіндігін түсінеміз. Өйткені, бұл махабаттың, бақыттың, мерекелердің, тіпті болашақтың қаласы деп те айтуға болады».   

Шаһар басшысының мәлімдеуінше, жастардың барлығы да бірден баспаналы бола алмайды.

«Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жас маман жұмысқа тұрады. Отбасын құрады. Бірақ, барлығының да бірдей пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Бұлар  – жаңадан қызметке орналасқан жас мұғалімдер, дәрігерлер, ақындар мен басқалары. Сондықтан да біз өзіміздің бағдарламамызда мұнан әрі қарай да жас мамандарға 100 пәтерден бөліп тұрамыз», – дейді Алматы қаласының басшысы.

Осы арада еске сала кетейік, Алматыда  Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Жастар жылы аясында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру бағдарламасын әзірленген болатын.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Бақытжан Сағынтаев жұмыс істейтін жастарға пәтер кілттерін табыстаған еді.

Бірінші пул бойынша барлығы 1244 өтініш келіп түскен. Соның ішінде баллдық жүйеге сәйкес 249 үміткердің тізімі жасалды. 

Олардың ішінде көп балалы отбасылар, білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Алматы әкімдігімен өтініштерді қабылдайтын арнайы www.almaty-jastary.kz сайты әзірленді.

Бірінші пул бойынша Алатау ауданындағы Көкқайнар ықшам ауданындағы 249 пәтерге өтінімдерді қабылдау 30 қазан мен 12 қараша аралығында өтті. Жыл соңына дейін тағы 801 пәтерге байқау жарияланады.

Сөйтіп, 1050 жас отбасын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

 

 

АЛМАТЫ