1914 жылы Семейдегi оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады. 1911-1914 жылдары ауылда мұғалiм болып iстейдi.
1919-1922 жылдары – Республика Халық ағарту комиссариатының алқа мүшесi, Семей губерниясы оқу бөлiмiнiң бастығы, “Қазақ тiлi” газетiнiң редакторы. “Еңбекшi қазаққа” да басшылық жасайтын кезi осы тұс.
1922-1924 жылдары Қарқаралы өңiрiнде мұғалiмдiк қызметте болады. 1924-1926 жылдары “Ақ жол” газетiнде әдеби қызметкер (Ташкент), 1926-1929 жылдары Шымкент педагогика техникумының директоры қызметтерiн атқарады.
1929 жылғы басталған кеңестiк қуғын-сүргiн кезiнде қамалып, 1931 жылы атылды.
Ж.Аймауытов өзiнiң қысқа ғұмырында артына аса бай әдеби, ғылыми мұра қалдырған жан. Оның “Қартқожа”, “Ақбiлек” атты романдары мен повесть-пьесаларын қазiр де жұрт қызыға оқиды. “Тәрбиеге жетекшi” (1924 ж.), “Психология” (1926 ж.), “Жан жүйесi және өнер таңдау” (1926 ж.), т.б. iрi ғылыми еңбектерi бар.