Экономика • 16 Желтоқсан, 2019

Экономика қарқынды өсуде

474 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдің 2019 жылғы қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Осы тақырыпта баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов аталған мерзімде ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,4%-ды құрағанын атап өтті.

Экономика қарқынды өсуде

Шикізаттық емес сектор өрледі

«Базалық салаларда өндірістің ұл­ғаюы, ішкі сұраныстың артуы және көр­сетілетін қызметтер сек­торының дамуы, сондай-ақ инвес­тициялық жобаларды іске асыру – экономиканың негізігі өсу факторлары болды», деді министр.

ІЖӨ-нің өсуіне 3,8% деңгейінде ең үлкен үлесті шикізаттық емес сектор, соның ішінде өңдеу өнер­кәсібі, көрсетілетін қызметтер сек­торы және құрылыс саласы қосты. Ал шикізат секторының (ауыл шаруашылығы және кен өндіру өнеркәсібі) үлесі 0,6%-ды құрады.

«Өткен жылғы қазан мен қарашада ішкі жалпы өнім өсімі 4,1 %-ды, ал 2018 жылдың қоры­тын­дысында 4,1%-ды құраса, биылғы қазан мен қарашада бұл көрсеткіш 4,4%-ға жетті. Осыған бай­ланысты желтоқсанда қарқын төмен­демейді деуге негіз бар», деді Р.Дәленов.

Министрдің айтуынша, биыл негізгі капиталға салынған ин­вестициялар 8,3%-ға дейін артқан. Қараша айында жылдық инфляция 5,4%-ды құрады. Тұрғындар табысы қаңтар-қазанда 5,7%-ға өсті. Өнеркәсіп өндірісінде тұ­­рақты өсу үрдісі сақталуда. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 3,8%-ға, со­ның ішінде машина жасауда 19,2%-ға, фар­мацевтикада 16,7%-ға арт­ты. Со­ны­мен қатар құрылыс саласы жоғары өсу серпінін көрсетіп отыр. Құры­лыс жұмыстарының көлемі 12,1%-ға өс­ті. Пайдалануға 11,1 млн шаршы метр тұрғын үй берілді. Көрсетілетін қыз­меттер саласында да іскерлік белсен­ділік­тің артуы байқалады. Сауда көлемі 7,5%-ға, көлік қызметі – 5,6%-ға, байланыс қызметі – 4,7%-ға өсті.

Ағымдағы жылы қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 79,1 млрд долларға жетті. Экспорт көлемі 47,7 млрд долларды, ал импорт 31,4 млрд долларды құрады.

Өңірлердің басым бөлігі негізгі көрсеткіштер бойынша оң қарқын көрсетіп отыр. Өнеркәсіп бойынша 15 өңірде өсу байқалады. Құрылыс саласында 14 өңірде, негізгі капиталға инвестициялар бойынша 15 өңірде өсуге қол жеткізілді. Бірқатар өңірде бірнеше көрсеткіш бойынша (өңдеу және тау-кен өндірісі өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй және инвестициялар) серпінді өсу байқалады.

4 өңірде инфляция дәліздің жоғар­ғы шегінде қалыптасты. Аты­рау, Маң­ғыс­тау, Қарағанды облыстары және Шым­кент қаласы. Соны­мен қатар 5 өңірде азық-түлік тауарлары бағасы айтар­лықтай жоғарылады.

Р.Дәленов атап өткендей, жер­гілікті атқарушы органдарда әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бағаларды бекіту және оның сақталуын бақылау, сондай-ақ азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын пайдалану тетіктері әзірленген. Өз кезегінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті бәсекелестікке қарсы жасырын келісу секілді келеңсіз іс-әрекеттерді анықтауға қатысты шаралар қабылдауда.

Азық-түлік тауарлары нары­ғына қатысушыларға заң мен ереже бұзу­шылық белгілері туралы 194 хабарлама жіберілді. Қазіргі таңда оның 152-сі орын­далды. Бәсекелестікті қорғау сала­сындағы заңнаманың бұзылуына жол бермеу мақсатында осы жылдың басынан бері нарық субъектілеріне қатысты 8 тергеу жүргізіліп, 34 ескерту жасалды.

Инфляция көрсеткіші күткеннен төмен

Банк саласының жай-күйі тура­лы баяндаған Ұлттық банк төр­аға­сы Ерболат Досаев 9 желтоқ­са­­нын­­­дағы жағдай база­лық ставка дең­­­гейі 2019-2020 жылдары инф­л­­я­­ция­­ны 4-6%-дық деңгейде ұс­тап отыруға мүмкіндік беретінін айтты.

«Биыл қарашада жылдық инфляция біз күткеннен төмен қалып­тасып, 5,4% болды. Инфля­цияға көп үлесті азық-түлік тауар­лары қосуда, ол бір жыл­да 9,7%-ға қым­­­баттады. Нан-тоқаш өнім­дері мен жар­ма бағасы 15,5%-ға, ет пен ет өнім­дері – 13,4%-ға, балық пен теңіз өнім­дері – 12,2%-ға өсті», деді Ұлттық банк төрағасы.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі көбіне бензин бағасының 4,5%-ға төмендеуі есебінен өткен жылғы желтоқ­сандағы 6,4%-дан биылғы жылғы қарашада 4,8%-ға дейін баяу­лады. Ақылы қызметтер тариф­тері жылдық көрсеткіш бойынша бар болғаны 0,6%-ға өсті. Жыл соңына дейін инфляция деңгейі 5,5-5,7% болады деп бағаланып отыр.

Теңгенің биржалық бағамы 12 жел­тоқсанда 1 доллар үшін 384,63 теңге болып, жыл басынан бері 0,1%-ға әлсіреді. Сыртқы сектордағы қолайлы үрдістер­дің арқасында валюта нарығындағы ах­уал қараша мен желтоқсанның басында тұрақты болды. Мұнай бағасы әлем­дік нарықта қарашаның басынан бері 5,8%-ға өсті.

Е.Досаевтың айтуынша, 1 желтоқ­санда алдын ала деректер бойынша, Ұлттық банктің алтын-валюта резерв­тері 28,7 млрд долларды құрады. Алтын портфелі құнының азаюы және банк­тердің Ұлттық банктегі шоттарынан шетел валютасының ағымы нәтижесінде алтын-валюта резервтері биыл қарашада 2,9%-ға немесе 842 млн АҚШ долларына төмендеді. Алайда, бұл төмендеу Үкіметтің есепшотына валютаның түсуімен ішінара өтелді.

«Ұлттық қордың активтері 60,5 млрд долларды құрап, қара­ша айында 0,9%-ға ұлғайды. Салымдардың кө­лемі қазанның соңында 18,8 трлн теңге болып, жыл басынан бері 1,2%-ға ұл­ғайды. Шетел валютасындағы салымдар­ды теңге салымдарымен ауыстыру жал­ғасуда. Биыл 10 айда ұлттық валюта салым­дары 8,5%-ға өссе, шетелдік валю­та де­позиттері 6,5%-ға төмендеді. Нә­ти­же­сінде, депозиттердің долларлану дең­гейі жыл басындағы 48,4%-дан қазан айы­ның қорытындысы бойынша 44,7%-ға дейін төмендеді», деді Е.Досаев.

Сыйақының ең жоғары ставкалары қазіргі кезде мерзімсіз салымдар бойынша 9,8%-ды, мерзімді салымдар бойынша 12%-ды құрады, ал жинақ салымдары бойынша 14,6%-ға жетті.

Жыл басынан бері жалпы кредиттік портфель қазан айының соңында 3,1%-ға – 13,5 трлн теңгеге дейін өсті. Ұзақ мерзімді кредиттер портфелі биылғы 10 айда 3,9%-ға өсіп, 11,5 трлн теңгеге жетті. Ал қысқа мерзімді кредиттер 1,3%-ға төмендеп 2 трлн теңгеге азайды. Жаңа несиелер беру көлемі 10 айда 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға ұлғайған.

Ұлттық банк төрағасы эко­но­­мика­ның басым салаларын жеңіл­дікпен несиелендіру бағдар­ламасы (600 млрд теңге) іске асыру жалғасып жатқанын айт­ты. Ағымдағы жылдың 6 желтоқ­сандағы жағдай бойынша банктерге 265,6 млрд теңгеге 434 өтінім тү­сіп, 149,1 млрд теңгенің 268 жо­басы мақұлданды. 54,8 млрд тең­­гелік 174 қарыз берілді. «7-20-25» бағдарламасын іске асыру шең­берінде 5 желтоқсандағы жағ­дай бойынша 11 369 отбасы 130,8 млрд теңгеге қарыз алды.

Кіріс көбейді

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджеттің орын­далу жайын баяндады.

«2019 жылдың 11 айының қорытын­дысы бойынша мемлекеттік бюджетке 8 трлн 514 млрд теңге кіріс жиналды. Мем­лекеттік бюджет бойынша кіріс 101,3%-ға, республикалық бюджет бо­йынша – 100,3%-ға, ал жергілікті бюджеттер бойынша – 104,1%-ға орындалды. Республикалық бюджеттің таза кірісі 6 трлн 219 млрд теңгені құрады», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 11 айында өткен жылдың дәл осы кезеңіне қарағанда мемлекеттік бюджеттің кірісі 115%-ға немесе 1 трлн 129 млрд теңгеге, республикалық бюджет кірістері 118%-ға немесе 965 млрд теңгеге, ал жергілікті бюджеттердің кірісі 107,7%-ға немесе 165 млрд теңгеге өскен. Ол негізінен ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы, корпоративтік табыс және халықаралық сауда мен сыртқы опера­цияларға салынатын салықтар есебінен қалыптасқан.

Салықтардың көлемінің ұл­ғаюына салықтық және кедендік әкім­шілендіруді жақсартумен қатар экономиканың құрылыс, сау­да, көлік пен байланыс қызметі және өндіріс секілді жекелеген са­ла­ларындағы тауарлар мен қыз­меттер көлемінің өсуі себеп болды.

Есепті кезеңде мемлекеттік бюджеттен 12 трлн 352 млрд теңге бөлінді. Рес­пуб­ликалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 594 млрд теңгеге атқарылды. 69 млрд теңге атқарылмады. Оның 19 млрд тең­гесі үнемдеу болды. Ал иге­ріл­меген сома 50 млрд теңгені құрады.

«Есепті кезеңде жергілікті бюджеттерге 1 трлн 521 млрд теңге нысаналы трансферттер бөлінді. Оның 1 трлн 455 млрд теңгесі немесе 95,6%-ы игерілді. 66 млрд теңге атқарылмады, оның 12 млрд теңгесі үнемдеу сомасы. 54 млрд теңге игерілмеді. Бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткіштен 26 млрд теңгеге көп. Бұл қаражаттар орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және жеткізілетін таур­лардың бекітілген кестеден кеш қалуына, шарттардың жасалмауына, конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуіне байланысты игерілмеді», деді Ә. Смайылов.

 Мақсат – міндет үдесінен шығу

Отырыста қаралған мәселені Премьер-Министр Асқар Мамин қоры­тындылады. Үкімет басшысы эко­но­миканың тұрақты өсу қарқыны сақ­талғанын атап өтті. 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында ІЖӨ өсімі 4,4%-ды құрап, өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен асып түсті. Соның ішінде құрылыста – 12,1%, саудада – 7,5%, көлік саласында – 5,6%, өңдеу секторында, оның ішінде машина жасау­да – 19,2%, автокөлік өнеркәсібінде – 64%, жеңіл өнеркәсіпте – 16,6%, түсті металдар өндірісінде – 6,8%, кокс және мұнай өңдеу өнімдерінде – 5,3%, металл кенін өндіруде – 15,7%, байланыс қызметтерінде – 4,7%, өнеркәсіпте – 3,6% өсім қамтамасыз етілді. Ұлттық қор активтері 4,3%-ға ұлғайып, 60,5 млрд АҚШ долларына жетті. Республикалық бюджетке 9595,7 млрд теңге кіріс кіріп, жоспар 100,2% орындалды, өсу қарқыны 117,6%-ды құрады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға экономиканың тұрақты өсімін қам­тамасыз ету міндетін қойды», деді А.Мамин. Премьер-Ми­нистр салалық министрліктер мен өңір­лердің басшыларына көрсет­кіштерді жос­пардағы деңгейге жеткізу үшін барлық тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.

Үкімет басшысы 11 айдың қоры­тын­дысы бойынша экономи­каның дамуының жоғарғы өсімі тіркелген Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарының әкімдіктерінің жұ­мысына оң баға берді. Артта қалған әкімдіктерге проблемалық көр­сеткіштерге қатысты мәселелерді түзету үшін тиісті шаралар қабыл­дау қажеттігін ескертті.

«Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша биылғы жылдың жоспары асыра орындалды. Бірақ бірқатар әкімшілер әлі де бюджет қаражатының игерілмеуіне жол беріп отыр», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы бюджеттік бағдар­ламалар әкімшілеріне қаржылық жыл­дың соңына, яғни 20 желтоқсанға дейін бюджет қара­жатын толық игеруді тапсырды.