Онда облыс әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасап, өңірдің 28 жылда қол жеткізген жетістіктерін саралады. Бүгінгі Қазақстан әлем таныған байыпты, тұрақты мемлекет. Ол экономикасы тұрақты ел ғана емес, өнерден, мәдениеттен, спорттан әлемнің алдына шыққан саламатты ел. Кеше ғана Димаш Құдайберген Американы «бағындырса», осындай табыстарға солтүстікқазақстандықтар да өзінің үлесін қосып келеді. А.Винокуров, Ж.Жақиянов спорттан әлемдік табыстарға қол жеткізсе, Самал Есләмова КСРО-ның бірде-бір әртісі ала алмаған биікті бағындырып, дүниежүзілік ең беделді Канн кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі аталымына» ие болды.
Сонымен қатар баяндамада Солтүстік Қазақстанның экономиканың, халықты әлеуметтік қорғаудың барлық салалары бойынша биік белестерді бағындырып келе жатқаны айтылды. «Қазақстанның 30 жылдағы экономикалық дамуын саралап отырып, ауқымды жұмыстардың атқарылғанын көруге болады. Осыны сақтап, еселеу бізге аманат. 1991 жылдан бері астық көлемі 2 есеге ұлғайды. Тәуелсіздік жылдары облыста 3 миллион шаршы метрден астам баспана берілді. Өңірді дамытуға арналған жоспар да өз жемісін беруде», деді Құмар Ақсақалов. Бүгінгі табыстардың қатарында әкім биыл облыстың бес миллион тоннадан артық астық жинағанын ауызға алды. Сонымен қатар облыста дәрігерлік кешеннің салынуы қолға алынғанын, «Қызылжар» еркін экономикалық аймағы ашылғанын атап өтті.
Баяндамадан соң әкім елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына белсенділікпен үлес қосқан бір топ азаматқа Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен берілген орден-медальдарды және Құрметті атақтарды табыс етті.