Қазақстан • 16 Желтоқсан, 2019

Қорғаныс министрлігінде қаза болған әскери қызметшілерге мемориал ашылды

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16 желтоқсан қарсаңында Қорғаныс министрлігінде Қазақстан
Тәуелсіздігі жылдары әскери міндетін атқару кезінде қаза болған әскери қызметшілерге арналған мемориал ашылды.

Қорғаныс министрлігінде қаза болған әскери қызметшілерге  мемориал ашылды

Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрлігінің басшылығы, ҚР Парламент депутаттары, әскери қызметшілер мен ардагерлер, «Жас Ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ қаза болғандардың туған-туыстары қатысты.

 «Отанын қорғау – әрбір азаматтың парызы. Менің ұлым – ұшқыш, әскери міндеттерін орындау кезінде қаза болды. Біз осындай мемориалдың ашылғанына қуаныштымыз және ризамыз», – деді аға лейтенант Жанбота Қасымовтың әкесі.

Іс-шараға қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Мәңгі есімізде» мемориалы Қорғаныс министрлігінің ғимаратында әскери міндеттің үлгілі орындалуының және Отанға шексіз қызмет етудің үлгісі ретінде әскери қызметшілердің алдында орнатылған. Қаза болғандардың әрқайсысы қазіргі әскери қызметшілер мен болашақ ұрпақтың жадында мәңгі қалады. Өйткені, бұл жауынгерлер, майдангерлер мен батырлардың даңқты дәстүрін жалғастырушылар.

Ол қаза болғандар туралы деректер базасы жинақталған қабырға мен ақпараттық блок болып табылады. Экранда әрбір қайтыс болған адам туралы ақпарат көрсетіледі. Атап айтқанда фотосурет, туған жері мен туған күні, қызмет еткен орны, қашан және қандай жағдайда қаза болғаны көрсетілген.  Мемориалға дайындық жүргізіп және жұмыс істеу барысында жиналған барлық мәліметтер мен материалдар ҚР ҚК Әскери-тарихи мұражайына берілетін болады.

Дерекқор тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелде оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде және Ирактағы бітімгершілік миссияға қатысқанда қаза тапқан 70 қазақстандық әскери қызметші туралы мәліметтерден тұрады.