Руханият • 16 Желтоқсан, 2019

Білікті мамандар тәжірибесін арттыру меморандумына қол қойды

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесіне орай өткен салтанатты шарада Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетімен арадағы меморандумға қол қойылды. Маңызды құжатқа сәйкес  журналистика факультетінің  баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының студенттері Кітап палатасында тегін өндірістік тәжірибеден өтіп, үздік оқыған студенттердің жұмысқа орналасуы  қарастырылған.

Білікті мамандар тәжірибесін арттыру меморандумына қол қойды

Бүгінде білікті мамандар даярлауда өндірістік тәжірибенің салмағы басым. Осы тұрғыдан алғанда елімізде шығатын барлық баспа басылымдарының міндетті данасын тіркеп, оның статистикасын, библиографиялық көрсеткішін жасап, сыны мен сырын бұзбай келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етіп отырған қара шаңырақта 20-30 жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі де, білікті библиографтар қызмет етіп келеді.

Салтанатты шараны ашып, ізгі тілегін білдірген Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов «Еліміздің жастары тәуелсіздік тарту еткен мүмкіндіктерді пайдаланып, білімді де білікті маман болып қалыптасуы керек. Соған негізделген шараның бірі екі ұлттық ұжымның бүгінгі бірлескен меморандумы. Бізде осы салада тәжірибелі де, білікті библиографтар қызмет етеді. Міне, студенттер теориялық білімдерін өндірістік тәжірибеден өткенде осы мамандардан үйренсе, ертеңгі жұмыстарында игіліктеріне айналары анық» деп атап өтті.

Ал өз кезегінде журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы жиналғандарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келе «Біз дайындап отырған жастар еліміздің болашағы. Олардың күні ертең жұмысқа орналасуы үшін сіздер секілді ұжымдармен ерте бастан байланыс орнатудамыз. Жұмыс берушілерге қандай мамандар қажет, оларды қай бағытта дайындауымыз керектігін зерттеудеміз. Сондықтан тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өтіп отырған бүгінгі шараның маңызы өте жоғары» деген ойларын ортаға салды.

Салтанатты шара барысында Кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Тұрғалиқызы студент жастарға өз тәжірибесін жан-жақты үйрететінін жеткізсе, директордың орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы өз құттықтауын жырмен арнады. Ақын Алмасбек Ахметбекұлы да тілегін белгілі «Көк тудың желбірегені» өлеңімен жеткізіп, жүрек жарды лебізін білдірді.

 АЛМАТЫ