Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2019

DAISY цифрлы жүйесі мен замануи құралдар зағиптардың кітап оқуын жеңілдетеді

421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елу жылға жуық тарихы бар Алматыдағы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана бүгінде зағип жандардың бар өміріне және қызметіне қоян-қолтық араласа отырып, оңалту, әлеуметтену, білім алу, демалу орталығына айналған.

DAISY цифрлы жүйесі мен замануи құралдар зағиптардың кітап оқуын жеңілдетеді

Бүгінде кітапхана қорында 200 мыңнан астам түрлі басылымдар бар болса, кітапхана оқу залы, абонемент, электронды қор, өнер және спорт әдебиеттерін оқу бөлімі, студия, кітап қорын өңдеу, «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару, автоматтандыру және техникалық қолдау сияқты 8 бөлім мен 8 кітапханалық тірек, үйде қызмет көрсететін және кітапханааралық абонементтер 3 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіп келеді.  Кітапханада көзі көрмейтін әрі нашар көретін жандарға ғана емес, басқа санаттағы мүгедектерге де қызмет көрсетіледі.

Кітапханада интернетке қосылған арнайы компьютерлер, нүктелі-бедерлі қаріппен басып шығаратын принтер, сөйлейтін кітап, DAISY сандық негізде дыбыстандырылған ақпарат жүйесі, реабилитиция кабинеті, зағиптардың жазуға арналған құралдарымен т.б. жабдықталған.

Алматы қаласындағы жоғары және басқа да оқу орындарында оқитын зағип-студенттер үшін қажетті ақпараттарды дауыстап оқу – қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде, компьютерде теріп беру, интернет арқылы материалдар жинақтап беру, тиісті оқу құралдарын дауыстап жазып беру және нүктелі-бедерлі шрифтерге оперативті көшіріп, басып беру, оперативті түрде кассеталарға, дискілерге, флешкаларға көшіріп беру сияқты қажетті көмектерін алу мүмкіндіктері қарастырылған. Ал электрондық залда зағип оқырмандарға қолайлы жағдайда тифлокешендер қойылған.

Кітапханада дауыстап оқу, теру, түрлі көшірмелер жасау, кітаптар тасымалдау және т.б. қызметтер ақысыз көрсетіледі.

 АЛМАТЫ