Руханият • 17 Желтоқсан, 2019

Бақыт Шағырбаев: Өмірде маған жақсы адамдар көп кездесті

1039 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақтың ән өнерін асқақтатып жүрген өнерпаздың бірі – Бақыт Шағырбаев. Атақты Шал ақыннан бастап, ұлттың ұлы тұлғаларының термелерін, халық әндерін нақышына келтіре орындайтын әнші. Бүгінде Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында қызмет атқарып жүрген Бақыт Шағырбаев жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Жақсы күннің қарсаңында Бақыт Шағырбаевпен сұхбаттасқан едік...

Бақыт Шағырбаев: Өмірде маған жақсы адамдар көп кездесті

  – Өнер адамдарының тағдыры бөлек болады дегенді жиі айтамыз. Сіз тағдыр дегенді қалай түсінесіз, оны қалай қабылдайсыз?

  – Мен көпбалалы отбасында өстім. Сағынтай деген ағам болды. Содан кейін шешеміз Хадиша төрт қыз туған. Төрт қыздан кейін ұл болсын деп ырымдап төртінші қыздың атын Ұлжан деп қойыпты. Мен дүниеге келгенде анамыз Қаратаудың ауруханасында аздап сырқаттанып қалады. Сонда әжем Құндызай түнделетіп Тамды ауылынан Қаратауға дейін жаяу барыпты. Арасы 15 шақырым. Содан мені етегіне орап алып, ауылға алып келіпті. Әжем түнде мені бесікке бөлегенде, біреу әкетіп қалмасын деп белтартпаны қолына қосып байлайды екен. Сөйтіп әжеміздің бауырында өстік. Әкемді әжем Түлкібастың балалар үйінен асырап алған. Күйеуі соғысқа кетіп, келмей қалған әжеміз Түлкібастың станциясында нан сатып тұрып, эшелонға іліне алмай қалған 6-7 жасар баланы көреді. Содан баланың ешкімі жоқ екенін білген әжем балаға нан беріп, үйіне алып келеді. Бірақ ағайындары «Ертең тұрмысқа шығасың. Аяғыңа тұсау болады ғой» деп қарсы болады. Әжем жарықтық сол кезде 24 жаста екен. Бірақ әжеміз енді күйеуге шықпауға ант беріп, сол баланы бауырына басады. Бала ержеткен соң әжеміз өзінің немере ағайынының қызын алып береді. Екеуінен төрт-бес бала дүниеге келеді. Кейін Қысатай әкеміз жарықтық өзінің елін іздеп, басылымдарға мақала жазады. Кейін әкемді балалар үйіне өткізген ағайындары алып кетеді. Кейін Тамды ауылына келіп, үй салуға көмектеседі. Сөйтіп 1962 жылы әжемізді де алып келіп, Тамды ауылына қоныстанады. Бұл шындық. Бұл тағдыр. Осы жөнінде мен болашақта көлемді дүние жазғым келіп жүр. Бұл жағдай әр қазақ баласына үлгі болуы керек.

  – Сізді қандай орта қалыптастырды? Қандай ортада тәрбие алдыңыз?

  – Әкенің қанымен, ананың әлдиімен келген өнер ғой бұл. Қазақта «Екейде елу бақсы, сексен ақын, жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасын қолына алып, гулейді жын қаққандай кешке жақын» деген сөз бар. Менің нағашыларым Шапырашты руының ішіндегі Екей елінен. Түп нағашым Асыл. Әжем Құндызай да, шешем Хадиша да Шапырашты руынан шыққан адамдар. Кішкентай күнімізде Түлкібас ауданының Азаттық ауылына көп баратынбыз. Әжемнің де, анамның да төркіні сол ауылдан.  Нағашыларымның бәрі де ауылды жерде жерге киіз, көрпелер төсеп қойып ән айтып жататын. Әсіресе «Құралай» деген халық әнін нақышына келтіре орындағандары есімде қалып қойыпты. Өткен күнде белгі бар деген осы ғой. Әжем де, анам да ән салатын. Сондай бір керемет отбасы еді. Сондықтан да біз түп нағашымыз Нұрғиса Тілендиевтің өзі деп мақтанатынбыз. Жалпы, Екей руынан атақты ақындар Сүйінбай, Жамбыл, қара қобыздың иесі атанған Түктібай, әйгілі домбырашы Нұрғиса Тілендиев шыққан. Менің бойымдағы өнер де осындай текті азаматтардан дарыған деп ойлаймын.

  Негізі мен тумысымнан солақай болып туғанмын. Әлі есімде, әжем солақай болғаным үшін қолымнан қасықпен ұратын. Кейін ойлаймын, адамның жаратылысы қандай, солай болып қалуы керек екен. Егер мен солақай болсам Нұрғиса атамыз сияқты күйші де болып кетер ме едім. Бірақ, жастайымнан әншілік жолға түстім. Одан жаман болған жоқпын. Өмірде маған жақсы адамдар көп кездесті. 1992 жылы Талас ауданына Дінмұхамед Қонаев атамыз келгенде мен ол кісінің алдынан «Қара бауыр қасқалдақ» әнін домбырамен айтып шықтым. Сонда маған бата берген. Тау тұлғалы азамат мені қапсыра құшақтағанда мен бауырына кіріп кеттім. Сол кісінің батасы қабыл болды деп ойлаймын. Кезінде Жамбыл қаласында мәдени-ағарту училищесі болған.  Олар үміткерді тоғыз жылдық біліммен қабылдайды екен. Мен он жылдық біліммен сол жерге барғанымда, мені қабылдамады. Содан кейін Жезқазған облысындағы Қаныш Сәтбаев қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне барып оқуға түстім. Бірақ мен оны да бітіре алмай, туған жерім Талас ауданы, Тамды ауылына келіп, мәдениет үйіне орналастым. Кейіннен сырнай тартуды үйрендім. Сол сырнаймен әлі ән шырқап жүрген жайымыз бар.

  –  Сіз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездесіп, өнер көрсеткен екенсіз. Елбасын алғаш рет қашан, қай жерде көрдіңіз?

  – 1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласына келіп, Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Сол жерде мен Елбасының алдында өнер көрсеттім. Тұңғыш рет кездескенім сол.

  – Нұрсұлтан Әбішұлымен бұдан кейін кездестіңіз ба? Ол кісі өнеріңізге қандай баға берді?

  – 2001 жылы Әулиеата өңіріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен келді. Сонда түнімен резиденцияда сол кісінің жанында болып, ән салдым. Өнеріме риза болған Нұрсұлтан Әбішұлы менен «Маған қандай өтінішің бар?» деп сұрады. Сонда мен «Маған 1992 жылы Дінмұхамед Қонаев атамыз бата беріп еді. Сол кісінің тілегі қабыл болып, сіздің алдыңызға келіп тұрмын. Маған бата беріңіз» дедім. Ол кісі орнынан тұрып, ақ батасын берді. «Халықтан алыстама. Халық іздесе, бақытты әнші боласың», деді Елбасы. Мен ол кісінің ойын түсіндім. Себебі, өнер адамы өзін тәрбиелей білуі керек. Мен өзім де ішкілікке, басқа да теріс әдеттерге әуес болған жоқпын. Әкем Қысатай ауылда имам болған кісі. Бір сандық діни кітаптар жинаған адам. Сол кісі «Халықтың адал тамағын жеп жүріп, арам тірлік жасауға болмайды. Бұл ертең өнеріңе кесірін тигізеді» деп айтып отыратын. Сондықтан әкеміздің тәрбиесімен жүрдім. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Әбішұлымен Ұзынағашта Қарасай батырдың 400 жылдығында тағы кездестім. Мен ол тойға шетелдік мәртебелі меймандарға өнер көрсету үшін шақырылған едім. Сол кездегі Сенат төрағасы Өмірбек Байгелді менің өнерімді тамашалап, кейіннен қай жақтан екенімді сұрады. Сонымен не керек, Елбасы отырған ордаға алып барды. Әуелі Елбасының сөзіне жазылған «Елім менің» әнін орындап бердім. Ол кісі ризашылықпен қабылдады.

  – Өнер жолы – күрделі жол. Өнерде әр өнерпаздың өзіндік ұстанымы болуы керек. Сіздің ұстанымыңыз қандай?

  – Өз басым өнердегі жасандылықты жақтырмаймын. Халықтың арасына өтірік күліп кіріп, жалған араласуды жаным қаламайды. Менің ұстанымым – кісіден көрген жақсылықты ұмытпау. Дінмұхамед Қонаев атамыздың туғанына 100 жыл толғанда мен еліміздегі 100 ауылды аралап жүріп, тегін концерт қойдым. 2006 жылы сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің шақыртуымен облыстық филармонияға жұмысқа барған едім. Алматы облысының Балқаш ауданында Желтораңғы деген ауыл бар. Сол ауылда Дінмұхамед Қонаев атамыздың бабаларының қыстағы бар. Ол жер «Қонайдың қыстағы» деп аталады. Концерттік бағдарламаны сол ауылдан бастадым. Зылиха Тамшыбаева, Мәриям Аябаева, Күләш Айтжанова сияқты атақты апаларымыз мені күтіп алып, менен бұйымтай сұрайтын. Сонда мен  әр ауылдың ауызы дуалы қарияларынан бата сұрайтынмын. Сөйтіп, сол кісілерге өзімнің сый-сияпатымды жасап кететінмін. Ол кісілер таң қалатын маған. Мен енді билет сатпаймын, ақша сұрамаймын ғой. Ондай саясат менде жоқ. Сондай-ақ, Президенттік сайлау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне 54 ауылды аралап, тегін концерт ұйымдастырдым. Кейіннен оны Талас ауданының ауылдарында жалғастырдым. Сырнайымды арқалап, барлық ауылды қоғамдық көлікпен араладым. Талапты ауылынан мені сол кездегі аудан әкімі Батырбек Құлекеев ағамыз көріп қалды. Ол кісі де сонда жұмыс сапарымен барған екен. Не істеп жүргенімді сұрады. Айттым. Сөйтіп, Елбасының құрметіне елдегі жұртқа ән салып, өлең оқып қайтатынмын. Менің өнердегі ұстанымым осы. Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағамызға да тек Алладан жақсылық тілеймін. Біз сол кісіге демеу болуымыз керек. Ақын Жарылқасын Аманов ағамыз «Барың болса қонақтан аямағын, жалғыз жеген ас болмас жая-жалың. Адам күні адаммен, көпті көріп, көп көргеннен көгерер саябағың. Пейілде ғой бәрі де берекенің, көл етемін десең де шөл етемін. «Малымды алсаң ал Құдай, пейілімді алма», деген қазақ ұмытпа ел екенін» дейді ақын. Елбасы бір сөзінде «Біздің аузымыздан «Біз азбыз» деген артық сөз шықпауы керек. Алла Тағала әр ұлттың пейіліне қарай жер берген. Осы елімізді, жерімізді Алла тіл-көзден, ғайбат сөзден сақтасын» деген болатын. Бүгінде әр қазақ рухын көтеріп жүрсе жарасады. Нарша Қашағанов ағамыз «Қу дүниені қуып біреу жар басқан, мансап жалын тартып біреу жармасқан. Байлықта да, билікте де баян жоқ, жомарттығың жоғалмасын марғасқам», дейтін еді ғой. Біз қазақтың қанына сіңген осындай қасиетті жоғалтауымыз керек. Ең бастысы пейіл дұрыс болсын.

  – Өнеріңізді қолдап, қамқор болған азаматтар туралы айтып берсеңіз...

  – 2001 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Мырзатай Жолдасбеков ағамыз шақырды. Астанада бес жылға жуық қызмет атқардым. Барған соң тұратын жатақхана берді. Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы, Хангелді Әбжанов, Қаржаубай Сартқожаұлы, Несіпбек Айтұлы сияқты ірі тұлғалы ағаларымыздың жанында жүрдім. Клара Төленбаева, Гүлзира Бөкейханқызы сияқты өнер адамдарымен бірге қызмет атқардым. Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді сияқты ағаларымыз да өнер адамдарына көп қолдау көрсетті. Досымжан Таңатаров, Айгүл Қосанова сынды әншілерді үнемі қолдап жүретінін өзім талай көрдім. Әуелде Серік Үмбетов Алматы облысына жұмысқа шақырды дедім ғой. Кейіннен, 2014 жылы Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Кәрім Көкірекбаев туған жерге келіп қызмет етуге ұсыныс білдірді. Пәтер алып берді. Ол кісінің ұсынысын қабыл алып, Таразға келдім. Қазір Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияда қызмет атқарып келемін. Маған осындай жақсы адамдардың шарапаты көп тиді. Ал, жуырда ғана Президенттің Жарлығымен маған берілген «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағын өнерге көрсетілген құрмет деп ойлаймын. Бұл атаққа мені Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ұсынған. Жақында ғана Ақордада болып, еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қолынан мәртебелі атақты алып қайттым. Менің аты-жөнім алдына барғанда Қырымбек Елеуұлы мені танып, өнерімді бағалапты. Жақсы адамдардың жақсылығын әрдайым айту керек.

 

Сұхбаттасқан Хамит Есаман,

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы