Руханият • 17 Желтоқсан, 2019

«Алтын домбыра» – Ақжайықта

214 рет көрсетілді

Тәуелсіздік күніне орай Орал қаласында «Тұғыры биік Тəуелсіздік!» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды. Айтыс барысында Nur Otan партиясының ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен белгілі ақын, айтыстың үлкен жанашыры Жүрсін Ерман «Парасат» орденімен және дарынды айтыскер Айбек Қалиев «Құрмет» орденімен марапатталды. Екі күнге арналған бұл өнер сайысы Nur Otan партиясының қолдауымен, Мәдениет және спорт министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтуде.

Айтыс шымылдығын Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен Nur Otan партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов ашып берді.

«Ақ Жайықта алғаш өткелі тұрған «Алтын домбыра» ақындар айтысының ашылуымен құттықтаймын. Тарихы мол, табиғаты көркем Ақ Жайыққа қош келдіңіздер. Айтыс – бабалар аманаты. Ақындарға шалқар табыс тілеймін», – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Одан кейін сөз алған Nur Otan партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов еліміздің жер-жерінде партия қолдауымен өткізіліп жатқан айтыстардың маңызына тоқталды.

Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген айтыс өнеріне қолдау көрсетуді тапсырды. Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, айтыстың тұғыры биіктей берсін», деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Жыр додасын ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.

Айта кетейік, Nur Otan қолдауымен соңғы 4 айдың ішінде Атырау, Қарағанды, Қостанай, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында айтыстар өткен болатын. Тәуелсіздік күніне орай Орал қаласында өтіп жатқан бұл «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы биылғы жылы Nur Otan партиясының қолдауымен елдің өңірлерінде ұйымдастырылған айтыстарды қорытындыламақ.

Партия айтыс өткізуді биылмен ғана шектемей, бұл үрдіс келесі жылы ғұлама ғалым Әбу насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығына орай өткізілетін аламан айтыстарға ұласпақ.

Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған «Алтын домбыра» айтысына жыл бойы өткен додаларда жеңімпаз болған 20 ақын қатысуда. Олардың қатарында Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов, Жандарбек Бұлғақов, Бекзат Асқаров, Аруна Керімбек, Рүстем Қайыртай, Шұғайып Сезімхан, Қанат Мырзахан, Хазірет Бердіхан, Аспанбек Шұғатаев, Шалқарбай Ізбасаров, Дидар Қамиев, Өміржан Көпбосынов, Серік Құсанбаев, Жұлдызай Маратбекқызы, Біржан Байтуов, Жансая Мусина, Талғат Мықи, Бауыржан Ширмединұлы сынды айтыскерлер бар.

Соңғы жаңалықтар

Ел жүрегі – елорда

Аймақтар • Кеше

Янайкинге “нағыз қазақ”

Аймақтар • 03 Шілде, 2020

Атырауда 42 көшеге жол төселеді

Аймақтар • 03 Шілде, 2020

Ұқсас жаңалықтар