Спорт • 18 Желтоқсан, 2019

Ұлттық ойындар – ұлт тәрбиесінің өзегі

586 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында ұлттық ойын түрлерінен ерекше сайыс ұйымдастырылды. Ұлт мұрасын дәріптеген шарада аға буын мен жас ұрпақ бірлесіп бақ сынап, көпшілікке беймәлім ұлттық спорт түрлері бойынша сайысты.

Ұлттық ойындар – ұлт тәрбиесінің өзегі

Жарыс ұйымдастырушылары ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ғасырлар бойы қазақтың дәстүрлі ғұмыр салтында қалыптасқан көне мұраны жаңғыртуды көздеген. Ұлт мұрасының спорттық сипаты кең таралуы үшін қойдың тұлыбын былғарыдан тіктіріпті. Белі бекем жігіттер спорттық снарядты жүз рет көтеріп, жеңіске жетіп жатты. Қазақ азаматына епті, еті тірі, қайраты бекем болу жарасымды. Жарыс ұйымдастырушыларының көздегені де осы.    

– Көрермендер тарапынан қызу қолдау бар. Кейбір азаматтар қатысуға ынта білдіріп жатыр. Жастар тарапынан қызығушылық жоғары. Мұндай ұлттық ойындардың бар екенін білмеген, енді танысып жатқан жандар да бар. Көпшіліктің ойы осы мұраларымызды одан әрі дамытуға үлес қосуға саяды, – дейді сайыс төрешісі Алмасбек Бекзан.

Сайысқа түскен топ құрамында әкелері мен балалары тізе қосып бақ сынады. Мұндағы мақсат аға буынның көз көрген өнегесін жастарға үлгі ету. Бұландылық Бекзан қария осы сайысқа арнайы келіпті. Ақсақал өз қолымен өрген қайыс арқанын жастарға көрсетіп, жылқыға шалма лақтырудың әдісін үйретті.

– Мықты жылқышылар кезінде 10 құлаш арқанмен бесті асауды шалмалап ұстаған. Ал, мынау тай-құнанға арналған жеңіл арқан. Мұның өрмесінің өзі бір жарым метрге жуық. Бұл арқанның ширатылып қалмауы үшін керек. Жиғанда екі шеңбер жасайды. Қалған бөлігін бұрауын жазып кішірек етіп жинап, жылқыға құлаштап сермейді. Бұл сайысқа ұлым шақырған соң, жастар көрсін деп арнайы алып келдім. Мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұруы тиіс,–дейді зейнеткер Бекзан Төлегенұлы.

Сайысты ұйымдастыруға өңірдің «Әкелер одағы» ұйымы мен ұлт мұрасына жанашыр азаматтары қолдау білдіріпті. Асауды ауыздықтап, ат құлағында ойнаған қазақ жігіттің бейнесін, болмысын сақтап қалуға мұндай шаралардың берері мол дейді сайыс қатысушылары.