27 Шілде, 2013

Оралхан Бөкейдің бірегей томы 1030 бет болып жарық көрді

521 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кербұғы ғұмыр кешкен кермиық жазушының алда келе жатқан 70 жылдығына орай «Әдебиет әлемі» сериясымен шыққан осынау эксклюзивті таңдамалы шығармалар жи­нағының тұсаукесері Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтті. Қолға толымды, көңілге қонымды, көркем безендірілген кет­пектей көрікті кітаптың өзгеше өмірлі басылым екендігін жи­налған қауым әу дегеннен-ақ баса айтты. Иә, қазіргі заман­да кітапты шығарғасын осылай дұрыстап шығару керек. Үйіңнің төріне қойсаң – әдемі мүлік, ішін ашсаң – асыл қа­зына. Қазақы ұғыммен қайырғанда, бір қаралық сырлы да сым­батты дүние-мүкәммәл. Асқақ адамгершіліктің, Алтай та­биға­­­тының ұлы жыршысы Оралхан Бөкейдің таңғажайып әлемі осы кітаптың мәуелі бағының ішінде. Сонау «Ауыл хи­кая­ла­рынан», ондағы «Қазақ туралы жырынан», «Апамның ас­та­уынан», «Қамшыгерден», «Кербұғы» мен «Ардақтан», «Ұйқым келмейдісінен» бастап, ақырғы асқаралы туындысы «Атау-кере» романына дейінгі шырайлы шығармалары, жа­дымызда жатталған әңгіме-хикаяттары. «Қасқыр ұлыған түн­д­есі», «Жасыны», «Жылымығы», «Жұлдыз жауған түндер-айы!..»

 

Құдай-ау, тізе бергің келеді. Көкірегімізде сайрап тұр­ғандай. Орағамның шығармаларына бір ерен сағынышпен жо­лыққандаймыз. «Қар қызы», «Құм мінезі», «Мынау ап­пақ дүние», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау»... Мы­на керемет кітаптың ішіндегі дүниелерінің бәрі-бәрі көзі­мізге оттай басылатындай. Қара сөзбен жырлаған новел­лаларының бәрін-бәрін жетпісінші жылдардағы студент кезі­мізде таласып-тармасып «Лениншіл жастан» сиясы кеп­пей оқығанбыз. Кейін сол кезді еске алып: «Жүрегімізді ұстап, бір-бір Прометейге ұқсап, Жетуші ек ұшып Оралхан менен Сағатқа» деп те жырлағанбыз. «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты алар қарсаңда сонау Көкшетауда жатып облыстық газетте «Адам атын ардақтаған» атты мақала жариялатқанбыз. Тағы бір қызығы сол, «Атау-кере» алғаш жазыла сала «Жұлдыз» журналына жарияланғанда, біз сол нөмірдің кезекшісі болып, осы шығарманы баспа бетінен алғаш оқу бақытын еншілеген едік.

Кеше ғана «Егеменнің» бетінде жазушы Мархабат Байғұт ағамыз «Көркемдіктің кербұғысы» деп атаған Оралхан Бөкейдің осынау бірегей томына жас кезіндегі журналистік жасын шығармалары, жазушы күнделіктері еніпті, қаншама қызғылықты сирек суреттер беріліпті. Кітап Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков пен жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің мақалаларымен ашылыпты. Оралханның өзі кезінде «Жазушылық дегеніміз – шындыққа жүгіну» деген болса, біз бүгін асқақ рухты шынайы да шыншыл жазушы ретінде Оралхан үлгісіне көбірек жүгінетін болыппыз. Мың беттік мына таңдамалыға жітірек үңілген адамның да соған анық көзі жетеді.

Таңдамалық томның лентасын жазушының жан досы қаламгер Қуанышбай Құрманғали мен өз жолын қуған ауылдас інісі Дидахмет Әшімханұлы қиды. Дидахмет өз басқаруындағы баспада катоңқарағайлықтардың демеуімен бұған дейін «Біздің Оралхан» атты естелік кітабы шыққанын, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыспен Оралхан Бөкейдің жеті томдық шығармалар жинағы жарық көріп жатқанын жеткізді. Бұл кісілердің дәмді естелік әңгімесін Рафаэль Ниязбек, Жүсіпбек Қорғасбек сынды ақын-жазушылар, сөз ардагері Тәкен Әлімқұловтың жары Есімгүл Әлімқұловалар әдемі жалғап, Оралхан туралы оралымды ойлар айтты, жарқырап шыққан жаңа басылымға ризашылықтарын білдірді. Жоба жетекшісі Қонысбек Ботбай «Әдебиет әлемі» сериясымен бұған дейін үш автордың кітаптары шыққанын тілге тиек етті. Олар әдебиетіміздің алыптары Мұқағали Мақатаев, Ғабит Мүсірепов, Қалижан Бекхожиндар екен. Тамыз бен қыркүйекте осындай толағай таңдамалы болып Тәкен Әлімқұлов пен Бердібек Соқпақбаев шығармалары оқырманға жол тартпақ. Қазірден-ақ көпшілік сұранысына ие болған осынау жоба аясында қазақтың қабырғалы 20 қаламгерінің кітабын шығару жоспарланып отыр.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.