Экономика • 19 Желтоқсан, 2019

«Жасыл экономикаға» көшу ісінде іргелі қадам жасалды

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәрсенбінің сәтті күні Ақтөбе аймағында тағы бір ірі инвестициялық жобаның тұсауы кесілді. Бұған дейін өңірде қомақты инвестициялық қаражат негізінен облыс орталығы мен оның маңайына тартылып келсе бұл жолы инвестиция ағысы ауданға қарай бағытталды. Сөйтіп италияндық «Eni» компаниясы Қарғалы ауданында жел электр стансасының бірінші кезеңін іске қосты.

«Жасыл экономикаға» көшу ісінде іргелі қадам жасалды

Айта кетерлік мәселе аталған аумақты нысан экологиялық тұрғыдан таза электр энергиясын өндіреді. Осы тұрғыда Ақтөбе облысында ел өңірлері арасында ешқандай баламасы жоқ қанат қақты жобаның алғашқы кезеңі ойдағыдай жүзеге асты. Бұл инвестициялық құрылым облыс экономикасының әлеуетін одан әрі нығайтуға өз септігін тигізе алады, деді газет тілшісіне атаған жобаға қолдау көрсеткен «Kazakh invest» ҰҚ АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Біржан Кәнешев.

Жаңартылған энергия көздері сапындағы тұңғыш әрі қанатқақты жоба еліміздің «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі алғашқы ірі қадамдардың бірі болып отыр. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, жоғары және жергілікті атқарушы органдардың алдына қойған міндет те осы десек Ақтөбеде ашылған жобаның құндылығы одан әрі арта түседі.

Жел электр стансасының жылдық қуаттылығы 48 MBt тең болса, оның жалпы құны 33 миллиард теңгені құрайды. Жаңа нысан ширек ғасыр ішінде әр жыл сайын 200 ГВт-ға жуық электр қуатын өндіреді деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда станса жиырма мың адамды жарық көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни мұның өзі тұтастай Қарғалы ауданы тұрғындары мен мұндағы өндірістік және шаруашылық нысандарды электр энергиясымен толықтай қамтуға жетеді деген сөз. Алдағы 2020 жылы жел электр стансасының екінші кезеңі де аяқталып, аталған бірегей нысан толық қуатында іске қосылмақ.

Біз шетелдік инвесторларға бизнес жүргізуге қажетті барлық жағдайларды туғызу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып келеміз. Осы ұмтылысымыздың нәтижелері де жоқ емес. Мұның жарқын мысалдарының бірі италиялқ «Eni» компаниясының өңірде жасаған қарқынды іс-қимылы деуге болады. Олардың жобаға жүз миллион доллардан астам қомақты инвестициялқ қаражат салуы жергілікті атқарушы органдар тарапынан жасалған қолдаудың бір көрінісі болмақ деп түйіндеді өз ойын қуатын желден алатын стансаның ашылу рәсімі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Түйіп айтқанда жағымды инвестициялық ахуал өңірде экономиканың басым секторларына инвестицияның жаңа толқынын тартуға алғышарт қалап отыр.

1