Алдымен, қаладағы өндірістік алаңның жұмысымен танысты. 30 гектар аумақты алатын технопарктің негізгі міндеті өнім өндіру саласындағы жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді бір жерге орналастыру. Осы уақытқа дейін алаңға ішкі және сыртқы инженерлік желілер тартылып, әкімшілік ғимараты мен ангар салынып, бөлінген қаражат толығымен игерілген. Қазіргі таңда, Жаңаөзен қаласы әкімдігі және «Атамекен кәсіпкерлер палатасы» арасында жұмыс тобы құрылып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында өндірістік алаңнан кәсіпкерлерге жер учаскелерін Өңірлік үйлестіру комиссиясы арқылы бөлу жұмыстары талқылануда. Бүгінгі күнге дейін өндірістік алаңға орналасу бойынша 37 кәсіпкерден ұсыныс түскен.
Б.Сапарбаев бастаған үкіметті ктоп кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Онда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жаңаөзен қаласындағы филиалының, ондағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймағының, қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысты. Осыған дейін Жаңаөзен қаласына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы А.Мырзахметовпен бірге жұмыс тобы келген болатын. Жұмыс тобы 2 апта бойы Жаңаөзен қаласындағы кәсіпкер мамандармен кездесті. Арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген мамандар жеке және заңды тұлғаларды ақпараттандырып, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып кәсіпкерлік саласындағы мәселелерді, оның шешу жолдарын қарастырып, кәсіпкерлерге қызмет көрсетті.
Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында 7 қазанда басталған «Кәсіп түбі-нәсіп» жобасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін жобаның жұмыс тобы 500-ге жуық адамға кеңес берді. Оның 15% қаржы қызметтері бойынша, 10%- маркетингтік, 10% құқықтық кеңес беру т.б. құрайды.
Сапар аясында Вице-премьер Бердібек Сапарбаев Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті.
Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бірге Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева, Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин және Кәсіподақтар федерациясның төрағасы Ералы Тоғжанов қатысты. Жиында сөз алған вице-премьер азаматтардың әл-ауқатын арттыру, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау бағыттары бойынша Мемлекет басшысы тапсырмаларының жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ ол жаңаөзендіктерді мемлекеттік қолдау бағдарламаларын барынша пайдалануға, соның ішінде «Еңбек» бағдарламасына баса мән беруге шақырды.
Іс-сапар бүгін Ақтау қаласында жалғасуда.