Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2019

«ҚазМұнайГаз»: Жылдық есебі мен тұрақты даму туралы есебі үздік деп танылды

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Жылдық есебі мен тұрақты даму туралы есебі 2019 жылғы жылдық есептер байқауында үздік деп танылды. Бұл туралы компанияның Жұртшылықпен байланыс департаменті хабарлады. Дәстүрлі байқауды «Қазақстан қор биржасы» АҚ қолдауымен «QRA» рейтинг агенттігі ұйымдастырып келеді.

«ҚазМұнайГаз»: Жылдық есебі мен тұрақты даму туралы есебі үздік деп танылды

«Үздік жылдық есеп» номинациясында жылдық есеп пен тұрақты даму туралы есеп бірге бағаланады. Сараптамалық комиссия есептің ақпараттық толықтығын, оның құрылымы мен оқылымын саралайды. Бұған қоса, ҚМГ «Жылдық есепте ESG-ақпаратының толық ашылуы» аттықосымша номинацияны да (Тұрақты даму туралы есеп) иеленді. Бұл номинацияда корпоративтік басқару мен тұрақты даму мәселелері бойынша (соның ішінде әлеуметтік саясат пен қызметкерлерді басқару, қоршаған ортаны қорғау және басқа) ақпараттың ашылуына баға берілді.

Сондай-ақ бірқатар номинацияда ҚМГ-ның еншілес және тәуелді ұйымдарының жылдық есептері мен тұрақты даму туралы есептері үздік танылғанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, «ҚазТрансОйл» АҚ «Жылдық есепте стратегияның үздік ашылуы» номинациясын жеңіп алды. «Ембімұнайгаз» АҚ «Жылдық есептің үздік интерактивті нұсқасы» санатында жеңімпаз атанды. Ал «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» тұрақты дамуды басқару мәселелерін үздік көрсетіп ашқаны үшін марапатқа ие болды.

Биылғы байқаудың барысында қазақстандық компаниялардың, оның ішінде 35 қаржы ұйымы мен 69 қаржылық емес ұйымның 111 жылдық есебі мен тұрақты даму туралы есептері талданды. Басты мақсат – компаниялардың мүдделі тараптары үшін ақпаратты тиімді ашуына ықпал ету. Байқаудың нәтижесін сараптамалық комиссия қорытындылады. Оның құрамына корпоративтік басқару және есептілікті дайындау саласындағы кәсіби мамандар кірді.