Жалпы, құрт ауруының жаңа пайда болған ошағын анықтау дерегі Іле, Кербұлақ, Райымбек аудандары мен Талдықорған қаласы бойынша 5 пен 12 адамға дейін тіркелсе, Көксу, Сарқан, Ескелді, Талғар аудандарында бір-бір науқастан жұқпалы ауру табылған.Ал 100 мың адамға шаққандағы науқас адамдар үлесі Балқаш, Райымбек, Талғар аудандарында басым екен және дерттен көз жұмғандар санынан да осы өңірлер көш бастап тұр.
Әлеуметтік ауру саналатын туберкулезбен күресуді дәрігерлердің иығына жүк қылып артып қоюға болмайды. Бұл – мемлекет тарапынан шешілген мәселе. Оның ішінде ауруды емдеп, сауықтырудан бөлек, әлеуметтік қолдау арқылы оңалту шаралары бар. Яғни, құрт ауруымен ауырған адамның емделгеннен кейінгі жағдайын ойлау жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Ал облыста дәл осы оңалту шараларына бөлінген бюджет қаржысы бірде жетпей қалса, бірде толық игерілмей отыр екен.
Мәселен, жыл сайын дерт жұқтырған 91 адамның жағдайын жасауға облыстық бюджеттен 99,1 млн теңге қаржы бөлінеді екен. Өткен 9 ай аралығында жергілікті әлеуметтік қорғау қызметіне 53,9 млн теңге бөлінген. Бұл – жоспарланған қаражаттың 54,4 проценті ғана. Осы мардымсыз ақшаның өзін тиісті мақсатқа жұмсамай отырған аудандар тағы бар. Дерек бойынша, Көксу ауданына бөлінген 3,8 млн теңге қаржының 0,6 млн теңгесі, Ұйғыр ауданы бойынша жоспарланған 1,7 млн теңгенің 0,4 млн теңгесі игерілсе, Сарқан, Кербұлақ, Ақсу аудандары мен Текелі қаласы бойынша да жұмсалған қаржы 50 процентке де жетпей отыр екен. Осы қатарда құрт ауруы дендеп тұрған Балқаш, Райымбек, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласы да бар.