Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2019

Сыбайлас жемқорлық жарға жығады

367 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның кез келген  көріністерінен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыстар жүргізуде.

Сыбайлас жемқорлық жарға жығады

Аталған департамент басшысының орынбасары Нүркен Исламовтың айтуынша, 2019 жылы Жамбыл облысының аумағында әлеуметтік көмек көрсету салаларында сыбайлас жемқорлық сипатында жасалған 5 қылмыс тіркелген. Ал 2018 жылы 4 көрсеткіш тіркеліпті. «Аталған салаларда шенеуніктер тарапынан тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, пара алу сияқты қылмыстар кеңінен таралған», дейді ол.

Атап айтсақ, департаментпен биылғы жылы жедел жолмен Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округі әкімдігінің лауазымды тұлғалары атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаж емес тұлғаларға белгілі бір сыйақыға жалған құжат жасаған деректері анықталған. Парақорлық санатта қозғалған қылмыстық іс бойынша кешенді сот-сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. «Бұдан басқа, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Н.Бижанов атаулы әлеуметтік көмекті алып беру және әрі қарай қамқорлық жасау мақсатында азаматша Г.Салиевадан  бір айлық жәрдемақы 103 000 теңге, Д.Ахметовадан бір айлық жәрдемақы 96 000 теңге пара алу дерегімен құрықталып, жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, қазіргі таңда негізінен қарау үшін Тараз қалалық №2 сотына жолданған. Сонымен қатар, 2018 жылы Сарысу аудандық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Н.Айымбетова көп балалы аналарға арналған әлеуметтік көмек алуға көмектесемін деп әрі қарай қамқоршылық жасау мақсатында азаматша Г.Абдуллаева мен Г.Абишевалардан 100 000 теңге пара алу дерегімен құрықталған, жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, Сарысу аудандық сотымен Н.Айымбетова кінәлі деп танылып,

2 000 000 теңге айыппұл жазасына сотталды. Департаменттің жедел қызметкерлерімен жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің білім бөлімінің бас маманы, аудандық қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінің хатшысы Ш.Маутбаев ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық белгілеу және оны одан әрі асырап алу туралы мәселені оң шешуге жәрдем көрсетуге З.Кадыровадан 350 000 теңге пара алу дерегімен құрықталған, жан-жақты тергеп тексеру амалдары жүргізу нәтижесінде сотқа жолданып, Т.Рысқұлов аудандық сотының үкімімен Ш.Маутбаевқа 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған», дейді департамент басшысының орынбасары.