Үкімет • 19 Желтоқсан, 2019

Теңіз көлігі саласындағы мемлекеттік қызметтер оңтайландырылады

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ағымдағы жылы сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бойынша біршама жұмыстар жүргізді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Теңіз көлігі саласындағы мемлекеттік қызметтер оңтайландырылады

Атап айтқанда, мемлекеттік кеме және бербоут-чартер тізілімдерінде теңіз кемелерін мемлекеттік тіркеу енді «электрондық лицензиялау» порталы арқылы жүзеге асырылады. Ендігі кезекте бұл қызметтерді көрсету мерзімін 5 есеге, яғни 10 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқарту жоспарланып отыр. Тіркеуге қажетті құжаттар саны да елеулі түрде азаяды.

Теңіз кемелері ипотекасын тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет электрондық нысанға ауыстыру арқылы оңтайландырылды. «Электрондық үкімет» порталында көрсетілетін қызметті алушы мәліметтер нысанын толтырады, төлем шлюзі арқылы мемлекеттік баж төлейді және кеменің ипотекасы туралы сканерленген шартты тіркейді. Қазіргі уақытта бұл қызмет түрі бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі. 

Теңіз кемелерін халықаралық кеме тізілімінде және салынып жатқан кемелер тізілімінде тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтер де автоматтандырылады. Нәтижесінде қызмет көрсету мерзімі 10 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін азайып, құжаттар саны орта есеппен 40 пайызға қысқарады.

Сонымен қатар теңізде жүзу кітапшасын алуға өтінім беру сандық форматқа ауыстырылып, нәтижесі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы берілді. Теңізде жүзу кітапшасын алу үшін енді порталда өзінің сандық фотосуретін тіркеп, аталған кітапты алуға болатын өзіне ыңғайлы Халыққа қызмет көрсету орталығын көрсетсе жеткілікті.

Сонымен қатар «ұйымдарды және сынақ зертханаларын техникалық куәландыруды жүргізу» мемлекеттік қызметін оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оны көрсету процесі қазіргі уақытта автоматтандырылуда. Мерзімі 30 күнтізбелік күннен 10 жұмыс күніне дейін қысқарады және қызметті алу үшін белгіленген нысан бойынша өтінім беру жеткілікті.