Заң жобасы газ және газбен жабдықтау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, еліміздің газға деген ішкі сұранысын тұрақты қамтамасыз ету үшін шарттарды ынталандыру, газды шикізат ретінде қолданатын жаңа инвестициялық жобаларды тарту және іске асыру мақсатында әзірленді.
Құжатпен бірқатар заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заң жобасымен жер қойнауын көмірсутегілер бойынша пайдалану құығын беруге аукцион өткізу тетіктеріне өзгерістер енгізіледі. Заң жобасы қабылданған соң аукционды комиссия емес, оператор электрондық нысанда өткізеді. Бұл ретте аукцион жеңімпазын тану және оған көмірсутегілер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру функциясы комиссияда сақталады. Сондай-ақ көмірсутегілер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының қызметі реттеледі.
Еліміздің ішкі нарығын тұрақты газбен жабдықтауды, сондай-ақ газ бағасының деңгейін қамтамасыз ету үшін заң жобасы қабылданған соң электр энергиясы өндірісіне отын ретінде тауарлық газды пайдаланатын жаңа стратегиялық маңызды инвестициялық жобалар мен жаңадан іске қосылған электр станциялары үшін тауарлық газға шекті баға газ жеткізудің өзіндік құнынан және жеті пайызды құрайтын ұлттық оператордың рентабельділігінің ең төмен нормасынан қалыптастырылатын болады.
Сонымен қатар заң жобасымен табиғи газдың отыны ретінде пайдаланылуын кеңейтуге және тиімділігін арттыруға бағытталған ережелер енгізіледі.
Заң жобасымен уәкілетті органдардың мұнай-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін, сондай-ақ өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар мен электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту және басқалары жөніндегі құзыреттері толықтырылады.