Қоғам • 20 Желтоқсан, 2019

Жылқыға төнген зауал

1800 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала­сында: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруа­шылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деген пайым айтады. Расында, қазақ халқы үшін жылқы түлігінің тарихи-әлеуметтік маңы­зы өте зор. Атақты ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай:

Жылқыға төнген зауал

Жанына халқымыздың жылқы жаққан,

Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.

Мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – қазы,

Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан...

Яғни, қазақ халқы сонау ықылым замандарда ат үстінде жүріп, елін-жерін жаудан қорғаған және аламан жорықтарға аттанып, олжа әкелген. Аталарымыздың, «Ер қанаты – ат» немесе «Атқа мінсе, ердің арқасы қоза­ды» дейтін тәмсілінде бағзы заманның сыры жатыр.

Алғаш қазақ даласын отарлаушылар қай заманда болсын, қазақ пен жылқының рухани-тұрмыстық һәм жауынгерлік байланысын жақсы білген. Мысалы, Сібір шебінің әскери бастығы генерал-майор Веймарн Сыртқы істер коллегиясына берген құпия баяндамасында: «Қазақты тыныштандырып, жуасыту үшін, білдіртпей, бірте-бірте қазақтың күші мен байлығының қоры – жылқысын азайту, кеміту керек, қазақтың жылқысы болмаса, бізге қауіпсіз болады. Қазақ амалсыз тынышталады» деп жазған екен.

Сол сияқты, жылқытанушы ғалым Ахмет Тоқтабай өзінің «Қазақ жылқысының тарихы» атты еңбегінде, ХІХ ғасырдың аяғында Зайсан маңында өмір сүрген орыс-казактарының атаманы Рябушкин: «Бұл қазақ дейтін атқа мінсе жынданып, есерленіп кетеді. Ешкімге бағынбайды. Қазақты бағынышты ұстау үшін, аттан айыру керек. Қазақ қалай аттан айырылады – бұдан бағынышты, бұдан момақан, бұдан сорлы халық жоқ» дегенді айтады.

Дәл осы пікір 1930-жылдары Қазақстанды басқаруға келген Голощекиннің де аузынан шықты. Ол: «Ең бірінші, қазақтарды жыл­қысынан айыру керек, сонда олардан жуас, бейшара халық болмайды» деген ұста­ны­мынан еш айныған жоқ.

Танымал этнограф Жағда Бабалықұлы өзінің кезекті бір сұхбатында: Кеңес өкіметі алғаш құрылып жатқан тұста 1920-1930 жылдары қазақтардың ішкі қимылдары мен сыртқа қашып құтылуына қазақ жылқысы үлкен үлес қосты. Осы құбылысты аңғарған отарлаушылар қазақты мүлде жүген ұстатып, жаяу қалдыруды көздеді. Саяси астары бар осы жоспарды іске асыру үшін қазақ жылқысын жамандау басталды. «Қазақ жылқысы өңсіз, түссіз, мүсінсіз, сұлу емес. Қазақ жылқысы сыртқы саудаға жарамайды, ішкі өндірісте пайдасыз» деді де Қазақстандағы қазақ жылқыларын түгелдей ет комбинатына айдатып, тұқым қалдырмау жағын қадағалады... Ата-бабадан мұра болып келген төрт түлік «падишасы» – жылқы Кеңес үкіметінің «саяси жоспарының» құрбанына айналып, мүлде құрып кетуге бет алды» депті.

Сол сияқты қазақтың тағы бір қабырғалы қаламгері Қалихан Ысқақов өзінің кезекті жазбасында: «Біздің елде өткен ғасырдың 30-шы жылдары ел асыраған зиялы азаматтарының бірде-бірінің қазір елде зираты жоқ. Сол жылдары колхоз ұйымдастырамыз деп, белсенділер бытырап жүрген елді бір жерге жинағанымен, түн ішінде жүктерін артып алып, жан-жаққа қашып кетеді екен. Халық әлі тұрақтанып болмаған, киіз үйде отырған Қаратай елін күндіз әкеліп бір жерге қамаса, түнде үйлерін жығып алып Қытай асып, Моңғол асып кете берген. Содан аудан бойынша әлгі белсенділер «маңқа» болды деп, жұрттың жылқысын жиып алып, әр ауылдың тұсына ор қаздырып, пулеметпен түгін қалдырмай қырып тастаған. Одан кейін соғыс келді. Он сегіз бен қырықтың арасындағы жастардың бәрі майданға аттанды. Ал қырықтан асқандардың бәрін «труд армияға» алып кетті. Содан біздің өлке «жетімдер мен жесірлердің өлкесі» деп атанды» деп жазыпты.

Қысқасы, қазақ даласында 1916 жылы 4,3 млн жылқы болса (1928 жылғы КСРО атласы құжаттамасынан). 1940-жылдың басында 1 млн-ға жетер-жетпес жылқы қалыпты. Бұл жылқылардың 30 пайызын екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда зеңбірек сүйретуге майданға аттандырды.

Осылай қолындағы жылқысынан айы­рылған қазақ өткен ғасырдың 30-шы жылдары бұрын-соңды болмаған сұмдық зауал, ешқашан орны толмас нәубет аштыққа ұрын­ды. Бұдан да сорақысы ұлттың гене­ти­ка­лық жадысында берік орныққан «жылқытану» ілімі жойылды. Жоғарыдағы Елбасы мақа­ласы осы бір олқылықтың орнын толтыру мақ­сатында айтылған ұлтты рухани жаң­ғыр­тудың басты тетігі деген жөн.